Тас дәуірі қоныстары тасада неге қалды?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» жасауды тапсырған болатын. Мақсат – айқын. Тарихи маңызы зор нысандарды қалпына келтіру, қорғау және насихаттау. Бұл – еліміздің туристік әлеуетін арттыруға оң серпін беретін бағдарлама. Киелі жерлердің тізімінде қарағанды облысы аумағындағы тарихи нысандардың бір бөлігі енген. Десек те, тас дәуіріне тән қоныстар тізімде жоқ болып шықты. Неге? Олардың тарихи құндылығы төмен бе, әлде киелі емес пе? Мәселенің мәнісін зерделеуге талпыныс жасап көрген едік.

Осыдан біраз уақыт бұрын Осакаров аудандық тарихи-өлкетану музейіне жолымыз түсті. Астықты өңірдің өткенімен таныстырған өлкетанушы Евгений Монжосов «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» күре жолының бойындағы Батпақ тұрағы туралы баяндап, бүгінде палеолит дәуіріне тән қоныстың елеусіз қалғанына қынжылыс білдірді. Айтуынша, мұнда Ресей, Германия, Франция елдерінің ғалымдары жиі келеді. Өйткені, қоныстың өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни, мұнда жоғары палеолит дәуірінің белгілері айқын көрінеді. Бұл тұрақ туралы материалдар шетелдік ғылыми журналдарда да жарық көрген екен.

Батпақ тұрағынан табылған жәдігерлердің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жерден жоғары палеолит дәуірінің еңбек құралдары, тастан жасалған тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақтар табылған. Сондай-ақ, жәдігерлердің арасында зілдің (мамонт) және мүйізтұмсықтың да сүйектері көптеп кездеседі екен.

Естеріңізде болса, биылғы жазда әлеуметтік желі арқылы «Қарағанды – Балқаш» тасжолының бойында жайылып жүрген пілдердің бейнежазбасы тарап еді ғой. Ол көшпелі цирктің жануарлары болып шықты. Жол үстінде көліктері сынған цирк қызметкерлері алып хайуандарды аз уақытқа серуендеуге шығарған. Көрген жұрт таңданыс білдіріп, алаңсыз жайылып жүрген пілдер әлеуметтік желіде біраз талқыланды. Сөйтсек, бұл жануар Ұлы Далаға таңсық болмай шықты. Есте жоқ ескі заманда бұл өңірді піл атасы зіл ен жайлапты. Оның айқын дәлелі – Батпақ тұрағынан табылған сүйектер. Сол дәуірдің адамдары зіл сүйектерін бұйым жасауға және лашық тұрғызуға қолданған сыңайлы.

Тұрақты 1962 жылы М.Н.Клапчук ашқан. Кейін 1985-1988 жылдары Целиноград археологиялық экспедициясы «Батпақ 7» тұрағына кешенді қазба жұмыстарын жүргізеді. Қоныс аумағынан екі мыңнан астам жәдігер табылған. Бүгінде олардың басым дені облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр. Олар ежелгі дәуірде тас өңдеу ісінің айтарлықтай дамығанын көрсетеді. Мәселен, жалпақ тастарды сүйекке бекітіп, пышақ жасаған. Сонымен қатар, тас жебенің, найзаның ұштары және басқа да заттар экспонаттар қатарын толықтырған. Олар қаншама мыңжылдықтар өтсе де, бастапқы қалпын жоғалтпапты. Олардың басты ерекшелігі және құндылығы да осында. Жәдігерлерге қарап тұрып-ақ, сонау алғашқы қауымдық құрылым кезеңінің бейнесін елестете аласыз.

Жалпы Қарағанды облысында тас дәуіріне тиесілі Батпақ, Саяқ, «Зеленная балка 4», «Қарағанды 15» сынды ірілі-ұсақты алпыстан астам тұрақ бар. Барлығы мемлекет қамқорлығына алынған, тарихи маңызы зор нысандар. Бірақ, олар «Киелі Қазақстан» жобасына енбеген. Неге дейсіз ғой? Оның өзіндік сыры бар екен. Бұл туралы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жалпы тарих, этнология және археология бөлімінің меңгерушісі Әділ Мәкен айтып берді.

– Әрине, ғылым үшін тас дәуірі тұрақтарының маңызы зор. Бірақ, қарапайым адамдар, әсіресе туристер ол жерге барғанмен ешнәрсе көре алмайды. Олар үшін бұл тұрақтар қазылған шұңқыр және топырақ үйінділері ғана. Жай тас пен көне тас бұйымның арасындағы айырмашылықты ажыратудың өзі оңай емес. Сондықтан да, мұндай қоныстар туристер үшін тартымды емес. «Киелі Қазақстан» жобасына өзіне тән аңызы бар, халық жиі баратын жерлер енгізілді. Ол белгілі адамдардың мазары, көне қалашықтардың орны және ерекше архитектуралық нысандар болуы мүмкін, – дейді Әділ Мәкен.

Сөз орайы келгенде айта кету керек, соңғы уақытта «Археологтар тас дәуірін ысырып қойып, қола дәуірі ескерткіштерін зерттеуге ден қойып кетті» деген пікір айтылып жүр. Пікір дейміз-ау, археологтарға тағылған мін десек де болады. Әділ Мәкеннен осы мәселе туралы да сұраған едік. Оның айтуынша, мұндай сынның туындауына кадр тапшылығы әсер етуі мүмкін екен. Мәселен, алақандай жапон елінде 5000 археолог бар. Ал, жер көлемі үлкен Қазақстандағы кәсіби археологтардың жалпы саны 50-70 адамның айналасында ғана. Оның өзінде талантты магистранттарды қоса есептегенде. Сондай-ақ, палеонтолог ғалымдар тапшы. Мұның бәрі – зерттеу жұмыстарын қарқынды жүргізуге айтарлықтай кедергі. Университеті көп Қазақстанға тарихшылар жетіспейді. Неге? Бәлкім, ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет шығар?..

Хош, тақырыпқа оралайық. Тас дәуірі қоныстарының «Киелі Қазақстан» жобасына не себептен ілінбей қалғанын айттық. Десек те, бұл ежелгі қоныстар тасада қалып қояды дегенді білдірмейді. Келешекте ежелгі қоныстар да тізімге енгізілуі мүмкін. Ол үшін қоныстар реконструкцияланып, ежелгі дәуір адамдарының тұрғын жайлары қалпына келтіріліп, ашық аспан астындағы музейге айналуы тиіс. Бұл туристер легінің еселеп артуына жол ашады. Әрі, олар қазылған шұңқыр мен тастарды ғана көріп қайтпай, бір сәтке болса да ежелгі дәуірдің аурасын сезіне алады. Бірақ, бұл көп күш-қайрат пен мол қаражатты талап етеді.

Әрине, бұл әзірге, тек, жоспар ғана.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ