Ол уақытта ескі қала жаңа еді. Бір кездері ол жерде өмір қайнап тұратын. Қазіргі Теміртаудың орталығы, бастау алған жері – ескі қала. Сол замандағы теміртаулықтардың ең сүйікті демалыс орны «Энергетиктер» мәдениет үйі болатын.
Бұл мәдениет ордасы қала тұрғындары үшін заманның алмасып, жылдардың жалғасып жатқанына қарамастан өз құндылығын жоғалтқан емес. «Энергетиктер» мәдениет сарайы 1961 жылы қабырғасы қаланып, тоқсаныншы жылдардың басына дейін халық игілігіне жарап келді. Тарихи нысанның талқаны таусылар тұс та осы тоқсаныншы жылдармен тұспа-тұс. Содан бері ғимараттың тозығы жетіп, қаншама жылдар қараусыз қалған. Оған себеп те жоқ емес. Ғимаратты жауаптанып алғандар несие берушілердің алдында әбден қарызға батқан.
Ал бүгін тарихи нысанның тарих қойнауына кетпеуі керектігін айтып табандап тұрған халықтың айтқаны орындалады. «Энергетиктер» мәдениет үйі қайта қалпына келтірілетін болды. Жөндеу жұмыстарының жобасын әзірлеу қолға алынуда. Болжам бойынша ол жөндеу 7 айға дейін созылуы мүмкін. Бұл туралы Теміртау қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Нұржас Жәкітай айтқан еді.
– «Қаламызда маңызды мәселенің бірі – ескі қаладағы «Энергетиктер» мәдениет сарайын сақтап қалу. Осы орайда 2023 жылы қала бюджетіне «Энергетиктер» МҮ қайта жаңғырту жобасына 82 000,0 мың теңге қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі бойынша Астана қаласынан «Ғимарат Горпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталды. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары жүргізілуде», – дейді бөлім басшысы.
Бөлім басшысының айтуныша, жоба әзірлеуші компанияның тәжірибесі мол. Бұған дейін еліміздің түрлі өңірлерінде ғимараттарды қалпына келтіруге атсалысқан. «Энергетиктер» мәдениет сарайын қалпына келтіру барысында да оның бірегей архитектуралық стилін сақтауға баса мән беріледі.
Бұл әкімдіктің алдында бірінші рет қозғалып жүрген мәселе емес. Тарихын түгендейтін теміртаулықтардың айта берсе амалы, жаза берсе жөні болар деп жүрген жанайқайы. Кезінде қазаны қайнап тұрған нысанның, базары тарқап, ажары қайтқалы қашан. Ұсқыны қашқан мәдени ошақтың жағдайын түзеуге 2013 жылы жергілікті билік назарын салып кіріскен көрінеді. Жұрт шошымасын деп шатыры мен сыртының кейбір тұстарын жөндеп, пластикалық терезе орнатқан көрінеді. Ресми түрде МҮ жеке меншікте болғасын ішін жөндей алмаған.
Әділет ШОПЕН
ТЕМІРТАУ