Тамсандырған «Тау самалы»

Жуырда Жезді кентіндегі Мәдениет үйінде Байқоңыр ауылының өнерпаздары аудандық «Тау самалы» фестивалінің аясында Бұқар жырау бабамыздың 350 жылдығына, ҚР Конституциясының 25 жылдығына және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік Ел – Мәңгілік Қазақстан» атты есеп беру концертін ұйымдастырды. Құттықтау сөзінде Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаров Байқоңыр ауылының өнерпаздарына шығармашылық табыс тілеп, кент тұрғындарын Рамазан айымен құттықтады. Өз кезегінде, Байқоңыр ауылының Жанкелді селолық округінің әкімі Серік Сайлаубекұлы шара мақсатын тілге тиек етіп, жиналған кент тұрғындарына алғысын білдірді. 

Сахна төріндегі үлкен экранда Қазақстанның жеткен жетістігі мен бағындырған белестері, тарихы, жүріп өткен жолы бейнеролик түрінде көрермен назарына ұсынылды. Б.Бекет, А.Шынтемір, Г.Нүрпейісова сынды көркемсөз шеберлері мәнерлеп өлең оқып, мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Әншілер әнге, күйшілер күйге, жыршылар жырға бөлеп, кент тұрғындарының алдында барын салды. 
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан осынау іс-шара адам жанын рухани құндылықтармен жандандырып, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз. Оны көзі қарақты көрерменнің жүзіндегі алғысынан-ақ аңғарғандай болдық. Олар еш боямасыз, табиғи, таза күйінде, жанды дауыста, домбыра және өзге де аспаптардың сүйемелдеуімен орындаған халық әндері мен патриоттық әндерді, жан тебірентер күйлерді тыңдап, мың бұрала билеген бишілердің өнерін тамашалап, рухани демалып қайтты.

К.ҚҰСАЙЫНОВА.
ҰЛЫТАУ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.