Талапты жасты топқа қосқан
Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервті мектеп-интернат-колледж басшысының тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары Алдаберген Төлеуовті облыстық спорт жанашырлары, әріптестері және жақындары зейнет жасына шығарып салды. Осыған орай, аталған интернат-колледжінде іс-шара өтті. Алдаберген Мұңсызбайұлы – қанша жыл жергілікті спорт саңлақтарының ел намысын қорғауда бағдары болып, бабына үлес қосқан, жан-жақты спорт маманы.
Шарада мектеп-интернат-колледж басшысы Ерден Халилин сөз алып, ардагер әрі ұстаз спортшыны зейнет жасымен құттықтап, зор денсаулық, отбасына амандық тіледі. Сонымен қатар, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің түлегі, ақын, жыршы Мұқтар Тілегенұлы домбырамен шара иесіне ән арнады.
– Алдаберген Мұңсызбайұлы тек қана білікті спортшы емес. Үлгілі педагог, қазақтың нағыз тағылым алар ағасы. Бұл кісінің тәлім-тәрбиесін көрген біршама жастар бүгін де ел абыройын асқақтатып жүр. Бір ғана Әлия Молдағұлова мектеп-интернаты емес жалпы жергілікті спорттың дамуына үлес қосқан десем артық емес, – дейді аталмыш мектептің оқу бөлімінің әдіскері Сабыржан Арғынбекұлы.
Алдаберген Мұңсызбайұлы 1960 жылы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1983-1991 жылдары Атасу кентінде самбо күресінен жаттықтырушы болып бастайды. Осында жүріп ол жергілікті жастарды спортқа баулып, самбо күресінің қыр-сырын үйретеді. Бұдан кейін 2007-2008 жылдары Алдаберген Төлеуов Әлия Молдағұлова спорт мектебі басшысының спорт жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Ал, 2008-2014 жылдар аралығында облыстық жүзу спорты мектебінде басшы қызметін атқарды. 2014 жылдан 2015 жылға дейін Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектебін басқарады. Бертін келе 2019 жылдан бергі уақытқа дейін ол дәл осы мектеп-интернат басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Еңбек жолының осы бір жарқын шақтарында Алдаберген Төлеуов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің «Дене тәрбиесе мен спортты дамытудағы жетістігі» үшін төсбелгісін алған.
Жан АМАНТАЙ.