«Талаптың мініп тұлпарын»
Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің студенті Сочиде өткен жастар мен студенттердің XIX бүкіләлемдік фестивалінің қатысушысы атанды.
ҚМИУ «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» тобының студенті Айгерім Чакенова және тағы алты теміртаулық 245 адамнан тұратын қазақстандық делегацияның құрамында болды. Фестивальдің ұйымдастырушысы – Жастардың Дүниежүзілік федерациясы.
Сочидегі фестивальдің бағдарламасы әртүрлі бағыттарды қамтыды. Күн сайын белгілі спортшылар, саясаткерлер және актерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Айгерім «Болашақ технологиялары», «Экология және денсаулық», «Жаһандық саясат және оның күн тәртібі: әлемді қалай қорғау», «Жаңа медиа», «Халықаралық мәдени кеңістік» алаңдарында болды.
– Мен Үндістан, Ұлыбритания, Ирландия және Сербия елінің жастарымен достасып, олардың тарихы мен мәдениеті жөнінде білдім. Фестивальге қатысуымның нәтижесі туған жерім – Теміртауға арналған бірнеше әлеуметтік жобалардан тұрды, – дейді А.Чакенова.
Аяулым СОВЕТ