Талантты ақын топ жарды
«Орталықтан» қанат қаққан қаламгер, ақын Жәнібек Әлиман «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауында топ жарды. Астанадан жеткен ақжолтай хабар мерейімізді үстем қылды.
Әріптесіміз Жәнібек Бақытұлы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған әдеби байқаудың «Поэзия» аталымында үздік шықты.
Иә, бұл есім көзіқарақты оқырманға етене таныс. Жәнібек «Орталықта» жүрген сәтінде мәдениет, әдебиет, руханият төңірегінде өндіре жазды. Руханият бөлімінің ауыр жүгін еркін еңсеріп, өрге сүйреді. Газет бетіндегі ойлы мақалаларына зиялы қауымның үн қатып, пайымды пікір айтқанын көзіміз көрді.
Қазір Жәнібек Әлиман ел газеті «Егеменде» жемісті қызмет етуде. Аталған газетте де руханият тақырыбында қалам тербеп жүр. «Егемен Қазақстан» газеті арқылы есімін ел біліп, жазбаларымен оқырман қауымға рухани азық сыйлап жүргені анық. Қысқасы, таланты жаңа тынысын ашты.
Ал, Қарағандының әдеби ортасынан өсіп-өнген Жәнібек Әлиманның жырларында өр руһ басым. Дауылпаз Қасымның сарқытын аталған жүлдесімен құттықтап, қарашаңырақтың түлегіне шығармашылықтың шыңында болуына тілектестік білдіреміз.
Бұл мерей Қарағандының әдеби ортасының ғана емес, Арқа журналистикасының да абыройын асқақтатты. Себебі, «Орталық» пен ормандай оқырманның ақ батасын алған Жәнібек Әлиман ғой бұл. Әлі самғайды, жыр жүйрігі.
Қасымхан ҒАЛЫМ.