СпортШет

Таланттар ауылдан шығады

Ақсу-Аюлы ауылдық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі – оқушылардың жиі жиналатын орны. Демалыс күндері де жаттығу залдары балаға толы. Мұнда аудан орталығындағы мектептердің оқушылары таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жаттыға алады. Одан кейін ауыл тұрғындары біраз бой жазып, дене шынықтырады екен.

Ширек ғасыр бұрын салынған спорт мектебі кейінгі 10 жылда жаңарды. Жаңа ғимарат пайдаланылуға беріліп, жанынан стадион салынды. 600 адам сиятын сол стадионда облыс бойынша алғаш рет аудандардың спартакиадасы өткен еді. Бертін келе әуелі қазандықтар жөнделіп, бір жылдан кейін – 2018 жылы стадион толығымен жөнделді. Құны 25 млн. теңгеден асатын бес жолақты жүгіру жолы төселді. Ал, былтыр спорт мектебінің сырты толық қапталып, спорт зал еденіне күрделі жөндеу жасалды. Сондай-ақ, жалпы сомасы 15 млн. теңге болатын спорттық құрал-жабдықтар алынды. Спорт клубтарынан ғана көретін құрал-жабдыққа толы тренажер залы үлкен мен кішінің бос уақытын өткізетін таптырмас орнына айналды. Осында 2003 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Асылбек Жампейсов – талай баланың шыңдалуына үлес қосқан жаттықтырушы.

Келгісі келетіндер көп. Бірақ, біз іріктеп аламыз. Менде оқу-жаттығу топтарында 10 баладан, енді бастап келе жатқан балалардан 2 негізгі, 1 резевтегі тобым бар. Негізі біздің міндетіміз – облыстың спорт мектептеріне лайық оқушыларды даярлау, – деген жаттықтырушы Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернаттың Теміртау қаласындағы филиалына оқуға түскен Ернар Кеңесханды мысал етті.

Аталған мектеп-интернаттың 10-сыныбында оқитын Ернар бұл жақтан 2 жыл бұрын кетіпті. Демалыста ауылға келсе де, жаттығуын үзбей жүр екен.

– Мектеп-интернатқа түсу үшін тиісті нормативтер тапсырдым. Нәтижем бойынша іріктеп алды. Қазір спорттың үш түрінен спорт шеберлігіне үміткермін. Оқуды бітіргеннен кейін интернаттың колледжіне түсу жоспарымда бар, – дейді жас спортшы. Бүгінде осы жерде жаттығып жүрген 500-ден астам баланың бірі – Жансай, бірі – Айдын ағалары сынды ел намысын қорғайтын ұлан болар деп үміттенеміз.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button