Жаңалықтар

Талғамы тұнық тәлімгер

Ынта-жігері мен талмас талапты өмірлік серігі етіп, адал еңбекті саналы ғұмырының алтын арқауына айналдыра білген тұлғалар – жалпы қоғамның мақтанышы. Осындай сипаттамаға мейлінше лайықты, өзі қызмет атқаратын ортада мерейі өскен жандар, әрине, аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – қырық жылға жуық жас ұрпақты оқыту-тәрбиелеу ісімен үздіксіз шұғылданып келе жатқан Жезқазғандағы №13 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Рыскүл ЖҰМАБЕКОВА.
Рыскүл Әмірбекқызы өз ісіне адами парасат тұрғысынан қарап, оқушылардың жеке жауапкершілігін арттыру ұстанымын үнемі меже тұтуымен ерекшеленеді. Ол осынау ардақты атауды әріптестерінің де, сан буынды қамтитын шәкірттерінің де, ата-аналар қауымының тарапынан да лайықты иеленіп, мерейі өскен тарлан тәлімгер. Шүкіршілік, сол мақсаттың жемісті нәтижесі – арқасынан қағып, ақ батасын беріп, арман асуларына аттандырған шәкірттері. Ұлағатты ұстаздың үлгі-өнегесін бойына сіңірген оқушылары қазіргі таңда алуан түрлі мамандық иелері. Олардың арасында мұғалімдер, журналистер, дәрігерлер, қаржыгерлер мен заңгерлер, өнер саласындағы қызметкерлер және тағы да басқа көптеген мамандықтың майталмандары бар.
Кәсіби шеберліктің астарында өз мамандығын шексіз құлай сүюден тысқары, табиғи икемділік пен біліктілікті жалықпай жетілдіру шарттылығы жататыны белгілі. Кейіпкерімізге осынау қажеттіліктің бәрі дерлік тән десек, еш қателеспегеніміз. Іс тетігін табу мен жетістікке жетудің басты тетігі – озық технологияларды орнықты қолдану. Зерделі ұстаздың сол қажеттілікті қапысыз түйсініп, қарымды түрде қолданысқа енгізуі – оқушылар білімінің тереңдеуіне негіз қалады. Бұдан тысқары, қосымша сабақтар өткізуге ден қойды. Арнайы курстардан өтіп, жағымды жаңалықтардың жаршысы бола білді.
– Апайдың ізбасар әріптесі санатындамыз. Көргені қаншалықты көп болса, ілгені соншалықты мол, тәлім мен тәрбиенің сарқылмас қазынасы іспетті ғажайып жанның жанында жүргеніміз – тағдырдың таптырмас сыйы шығар, бәлкім?! – дейді ақжарма пейілін бүкпесіз білдірген осы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ғайни Жолбарысқызы. Ұстаздық жолдағы өнеге-үлгісін байыптаған жас әріптесінің әсірелеу мен ретсіз әспеттеуден мүлдем ада сөзінің астарынан Рыскүл Әмірбекқызының бөлек болмысы мен дара бітімі «мен мұндалап» тұрғандай.
Аяулы ұстаздың мектеп қабырғасында жүріп бағындырған белестері тым биік әрі алуан қырлы. Әр деңгейлі құзырлы мемлекеттік органдардан алған марапаттары мен сый-сияпаттарын санамалау – шарт емес. Өйткені, ұстаздың басты бақыты – шәкірттерінің шырқау шыңға шығуы. Талғамы тұнық, тағылымы тәлімді мұғалімнің оқушылары оны осынау бақытқа кенелткені – өмір шындығы.

 Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button