Табиғи өнім тиімді бағада
Қарағандыдағы «Global City» сауда-кешенінде кезекті «Ауыл береке» жәрмеңкесі өтті. Облыстың барлық аудандарынан келген шаруашылық иелері өнімдерін нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен саудалады. Тұрғындар да «жәрмеңке өтеді» деген хабарландыруды ести сала, әмияндарын сайлап, сауда үйінің маңынан табылды.
Дәстүрге айналған жәрмеңкеде құс сүтінен басқаның барлығы болды. Онда облыс аудандарының өндірушілері өнімдерінен құралған, сүт, балық, ет пен жеміс-жидек және көкөністер саудаланды. Тұрғындар саудаға түскен 500 тоннадан астам ет, балық, сүт өнімдері мен көкөністерді тиімді бағада алып, ризашылықтарын білдірді. Бір ерекшелігі биыл жәрмеңкеде тек азықтүлік қана емес, сондай-ақ, қолөнер бұйымдары да саудаланды.
– Биыл астық мол болды. Төрт түлік те қоңын ерте жинады. Жаз бойы жауған жауын мен ауа райының қолайлылығы ауыл шаруашылығына айтарлықтай оң әсерін берді. Міне, қазір ет пен сүт өнімдері жәрмеңкемізде молынан. Баға да халыққа тиімді. Бір айта кетерлігі, мұндағы әр өнім таза тексеруден өтіп, ветеринарлық қадағалау және бақылау инспекциясының мамандарының жіті қадағалауынан өткендіктен таза табиғи деп бек сеніммен айта аламыз, – деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.
Айта кетейік, жәрмеңкеде саудаланған жылқы етінің келісі 2400 теңгеге сатылды. Сиыр еті – 2000, қой еті – 1800 теңге. Тауық, үйрек, қаз еті – 1000-2000 теңге аралығында. Балықтың келісі түр-түсіне қарай 600-1000 теңге аралығы. Қолдың сары майы – 3000, қаймақ – 1500, сүзбенің келісі – 700 теңге болса, сүттің литрі – 250 теңгеден. Ал, картоп пен сәбіздің келісі – 110, пияз – 70 теңгеден аспады.
– Отбасы болған соң бала-шағаң тамақ ішпей отырмайды. Сондықтан, біз азықтүлікке ақша аямаймыз. Осындай жәрмеңкелер өткенде молынан бір алып, соны жылдық азық етеміз. Өте тиімді, әрі екі есе аз шығын. Күнделікті үйдің маңындағы дүкендерден сауда жасасаң, көтергенің бір-ақ қалта болса да, әжептәуір көп ақшамыз кетіп қалушы еді. Ал, мұнда барлығы ел игілігіне арналып ыңғайластырылған, – дейді қала тұрғыны Нұргүл Мейрамова.
Жәрмеңкеден артынып-тартынған жұртшылық түс ауа тарқасты. Әрқайсының артқан жүгі – ет, көкөніс пен сүт өнімдері. Олардың айтуынша, қысқы қамданысқа басты керекті тек солар көрінеді.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz