Спорт

Тақымы мықтылардың тартысты ойыны

Сүйінші, Арқа жұрты! Қарағандылық көкпаршылар Таразда өткен ел чемпионатында II орынға ие болды. Бұған дейін мұндай нәтижеге қол жеткізе алмаған Арқа көкпаршылары осы жолы жарады. Олжалы оралған жігіттерді облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ, облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Нұрсерік ШӘРІПОВ құттықтап, жеңімпаздарға Алғыс хат табыстады.

Айта кетейік, Қарағандының «Көрпетай» көкпар клубы алғашқы кездесуде Батыс Қазақстан облысының көкпаршыларын 14:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал, келесі кездесуде Алматы қаласының командасын 6:1 есебімен тізе бүктірді. Қостанай командасынан 7:6, Алматы облысының көкпашыларынан 3:2 ұпаймен басым түсіп, тек қана финалда Нұр-Сұлтан қаласының құрамасына есе жіберіп алды.

– Ақтық сында Нұр-Сұлтан қаласының командасымен тартыс қиынға соқты. Өйткені, қарсылас команданың аттары – нағыз бабында екен. Мойындау керек, біздің аттар олардың деңгейіне жете алмады. Дегенмен, алдағы уақытта табанды түрде жұмыс істеп, жаңа биіктерге қол жеткізетін боламыз. Бастысы, біз жоғары лигаға кірдік, – дейді «Көрпетай» көкпар командасының бас бапкері Нұржан Шайхин.

«Қауымдастық құрылған сәттен бастап біраз жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, көкпаршылардың жаңа командасы құрылды. Сондай-ақ, ипподром құрылысы үшін жер телімі мәселесі шешілді. Оны да Қарағанды көп күтті. Қазір қауымдастық қазақша күрес және тоғызқұмалақ ойындарына ғимарат бөлу мәселесімен айналысуда. Ал, көкпаршылардың бұл жарқын жеңісін атқарылған шаруалардың жемісі деп білеміз. Екі ай ғана дайындалып, ел чемпионатында екінші орынға ие болған жерлестерімізге әлі де артар үміт мол. Бұдан да зор биіктерді бағындырады деп сенеміз»,– дейді облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button