Байқау

«Таңшолпандықтар» таң қалдырды

Қазақтың бас ақынының атымен аталатын Абай қаласында «Қазақшаң қалай, балақай?» атты мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері арасында өткен байқаудың қорытындысы шығарылды. «Таңшолпан» балабақшасының бүлдіршіндері аталған байқауда оза шауып, жеңімпаз атанды.

 

Бұл додаға мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін оқып жүрген түрлі этнос өкілдері қатысып, бақ сынасты. Олар мемлекеттік тілде белгіленген тәртіп бойынша таңдап алынған өлеңдерден үзінділерді жатқа оқыды, әуелете әндер орындады. Бұдан бөлек, сұрақтарға жауап берді, диалог құрап, сөзге шешендік қырын сынады. Қазылар алқасының мүшелері тіл тазалығын, тілді білу және көпшілік алдында мінсіз сөйлеу қабілетін бағалап, ұпай қойып отырды.

Сайыс қорытындысында I орынды «Таңшолпан» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері Иван Старцун мен Дарина Фаризова жеңіп алды. Ал, 5 жасар бүлдіршіндер Ахмет Байтұрсыновтың «Оқуға шақыру» өлеңін жатқа айтып, «Қазақстан бақытты» әнін орындады және туған қаласы туралы «Туған жерге тағзым» бейнесін ұсынып, тыңғылықты дайындығын паш етті.

Тәрбиеленушілеріміз мемлекеттік тілді қызығушылықпен үйреніп жатыр. Байқауға олар алғаш рет қатысып отыр. Бірақ, біраз уайымдады. Десе де, жеңіске деген ерік-жігерлері күшті болды. Диалог барысында олар туған қаласы мен оның тарихы жөнінде тақылдап тұрып айтып берді, – дейді жеңіске жеткен балақайлардың қазақ тілі пәнінің оқытушысы Айжан Жүкенова.

Жас шешендеріміздің осындай жетістікке жетуі бізді де қуантты, байқау келешекте жалғасын тапса, құба-құп.

Байқаудың II орнын Топар кентінің «Айналайын» және «Золушка» бөбекжайларының тәрбиеленушілері иеленді. Ал, III орынды «Балдәурен» мен «Солнышко» өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Сөз соңында «Қазақшаң қалай, балақай?» жас шешендер байқауының ұйымдастырушылары – Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі екенін айта кеткен жөн. Балалардың көзіндегі қуанышты көрсеңіз, ынталандырудың балалар үшін өте маңызды екенін ұға түсесіз.

Жәлел ШАЛҚАР,

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button