Саран

Таңдауымыз – салауатты өмір

    Жуырда Саран қаласында ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығына орай, Саран қалалық мешіті және «Жастар ісі» бөлімінің ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан жамағат» атты шағын футболдан облыстық мешіттер арасында турнир өтті.

Оған Қарағанды облыстық мешіті, Қарағанды қаласының №1 мешіті, Бала қажы мешіті, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Абай, Саран қалаларының, Нұра, Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Ақтоғай, Жаңаарқа аудандары мен Сұрыптау станциясының мешіттерінен барлығы 16 команда қатысты.

Шараның ашылу салтанатында Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспанов құттықтау сөз сөйлеп, игі істерге ұйықты болған Саран қалалық мешітіне алғысын білдірді. Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа мен Саран қаласының бас имамы Мұқаметқали қажы Сапарғалиұлы спорттық ойындардың салауатты қоғам үшін маңыздылығы мен адам өміріне пайдасына тоқталып, командаларға сәттілік тіледі.

Ойынға Саран қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резервінің спорт мектебі директорының орынбасары Т.Қуат төрелік етті.

Шараның жабылу салтанатына Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа, Азия құрлығы бойынша қазақ күресі федерациясының президенті Абай Зекиров, Әлия Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының басшысы Ерден Халилин, Саран қаласы әділет басқармасының басшысы Талғат Жашкеев, Саран қаласы мешітінің бас имамы Мұқаметқали қажы Сапарғалиұлы қатысты. Доп додасының қорытындысы бойынша, ІІІ орынды Бала қажы мешітінің ойыншылары, ІІ орынды Жаңаарқа ауданынан келген спортшылар иеленсе, үздік ойын көрсеткен Нұра ауданының ойыншылары І орынды қанжығалып, кубокқа ие болды. Жеңімпаз командалар медальдармен, мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды.

Нұрбану БАЙМҰХАМБЕТОВА.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button