Жаңалықтар

Тұңғыш аллергологиялық орталық ашылды

    ХХІ ғасырдағы ең көп тараған аурулардың біріне айналған аллергиядан жер шарында 2 миллионнан астам адам зардап шегеді екен. Ал, өндіріс өлкесі – Қарағанды тұрғындарының 40%-ы, яғни, әрбір бесінші адам осы дертпен ауырады. Экологияның, азық-түліктің бұзылуы, урбанизация, қоғамдағы күйзелісті жағдайлар салдарынан соңғы 20 жыл ішінде аллергиямен ауыратындар саны екі есеге дейін өскендігін көрсетеді статистика. Демек, иммунитеттің төмендеуіне, басқа да аурулардың асқынуына соқтыратын аллергиямен күрес – өзекті мәселе. Қарағанды қаласында алғаш ашылған облыстық мамандандырылған «DiVera» аллергологиялық орталығы ұсынатын медициналық көмек, ахуалды оңалтады деп күтілуде.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған облыстық «DiVera» аллергологиялық орталығы әзірге Қазақстанда жалғыз. Орталықтың ашылу салтанатына аймақ басшысы Е.Қошанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Нұрлыбаев, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры Р.Досмағамбетова қатысып, жұмысымен танысты.
Аллергологиялық орталықты құру және оны жабдықтау мемлекеттік бюджет қаражатынсыз, «Olymp Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициясы есебінен жүзеге асырылған. Ал, мемлекеттің қатысы – орталық көрсететін медициналық қызметті тұтынудың кепілді көлемін қамтамасыз ету. Яғни, дәрігердің жолдамасы арқылы келіп, білікті маманның кеңесін алуға кез келген адам құқылы.
Орталықта диагностикалау мен емдеудің озық әдістерін пайдалану арқылы ересектермен қатар, балаларға да қызмет көрсетіледі. Сонымен бірге, орталық базасында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің иммунология және аллергология кафедрасы да орналасқан. Осылайша, оқу орнының білікті мамандары студенттерге дәріс беріп қана қоймай, емделушілерді қабылдап, кеңес береді. Бұл – аллерголог-иммунолог мамандарды дайындау сапасын жақсартады. Сондай-ақ, емделушілерге кеңес беріп, ғылыми-зерттеушілік жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жасайды.
Заманауи диагностикалық және терапевтік жабдығы, электронды құжат айналымын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйесі бар орталықта тәжірибелі, біліктілігі жоғары дәрігерлер қызмет көрсетеді. Ем-шараларға арналған, аллергия белгілерін жоюға көмек беретін ақылы күндізгі стационар да бар.
– Мемлекеттік емханалардың директорлары аллергологиялық орталық жұмысымен толық танысты. Сондықтан, емделушілер легі қамтамасыз етіледі. Бұл ұйым Қарағанды облысының тұрғындарына ғана емес, көршілес облыстарға да қызмет көрсететін өңіраралық орталық болады деген ойдамыз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Нұрлыбаев.
«DiVera» – «Olymp Medical Group» ЖШС Қазақстандағы көпбейінді медициналық орталықтардың желісі. Сапалы медициналық қызмет көрсету мен емдеудің стандарттары арқылы танымал болған.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button