Тәуелсіздік — жастар көзімен

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы мен Теміртау шаһарындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының 10 жылдығы аясында «Тәуелсіздік құрдастары» атты арнайы жоба қолға алынды. Аталған орталықтың ұйымдастыруымен жалауы желбіреген бастама жыл басынан бері жұрт назарына ұсынылып келеді. Әр салада жемісті еңбек етіп жатқан Тәуелсіздік құрдастарымен кездесу өткізілуде. Яғни, жыл бойы 12 кейіпкер жоспарланса, әр ай сайын біреуінің өз саласында жеткен жетістіктерін насихаттап, дәріптеу – жобаның басты мақсаты. Қыркүйек айындағы жоба қонағы – аймақтық «SARYARQA» телеарнасы жаңалықтар қызметінің редакторы – Жанбота РАХМЕТОЛЛА болды.

– Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан, қай кезде де қателесуге, жаңылысуға хақымыз жоқ. Бар күш-жігерімізді жұмсап, Қазақ еліне адал қызмет етуіміз керек. Тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында Елбасымыз батыл байламдарға, нық қадамдарға барды. Егемендік жолында оның табандап төккен тері, еселі еңбегі жатыр. Осы сара жолды жалғастыру – парыз. Әр атар таңызым шуақты, татулығымыз тұрақты, тәуелсіздігіміз тұғырлы да ғұмырлы болсын – дейді Жанбота Рахметолла.

Ол Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Алғабас ауылында туған. Жезқазған қаласы, Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін тәмамдаған. 2012 жылдан бері республикалық Қазақстан телерадио корпорациясы Қарағанды облысы филиалы «SARYARQA» телеарнасының «Жаңалықтар» бөлімінде редактор. «Жаңғырық» интеллектуалдық хабары мен «Ғибрат», «Сөз сұраймын» бағдарлама жүргізушісі, «Арнайы репортаж» телевизиялық жобасының авторы. Сонымен қатар, «Дарынды журналист» олимпиадасының Бас жүлдесін, белгілі сатирик, журналист Мартбек Тоқмырза атындағы сыйлықты жеңіп алған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Басқа да көптеген жетістігі бар. Телевизия тарланы Нұртілеу Иманғалиұлының мектебін көрген, тәлімін терген шәкірті. Өмірлік ұстанымы – «Барша әулетке – бақ дәулет!»

– Көптен бері ойда жүрген жоба болатын. Жоба аясында осы жылдың басынан бастап, Тәуелсіздік құрдастарымен кездесіп, сұхбаттаса отырып, бейнебаян түсіріліп келеді. Қазіргі күнге дейін 8 Тәуелсіздік құрдасымен және олардың ішінде өзі еліне патриоттық сезіммен еңбек етіп келе жатқан қарапайым мамандық иелері, музыкант, медбике, металлург, мұғалім, спортшы, журналист, мәдениет қызметкерінің мамандықтары бойынша жеткен жетістіктері жайлы бейнекөріністер түсіріліп дайындалды, – дейді Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің басшысы Құрманшәді Оразымбетов.

Ал, жылдың аяғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында сол түсірілген бейнебаяндағы Тәуелсіздік құрдастарын қатыстыра отырып, олардың өмірі мен еңбек жолын үлгі-өнеге ету мақсатында кейіпкерлермен кездесу форумын өткізу жоспарланған. Әр ай сайын түсірілген бейнебаян орталықтың сайты мен басқа да әлеуметтік желі парақшаларында жарияланып тұрады. Сонымен қатар, Тәуелсіздік құрдастарына Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының атынан естелік сыйлықтар табыс ету де көзделіп отыр екен. Қазақта «Отыз – ордабұзар шақ» – деген жақсы сөз бар емес пе? Олай болса, отызға келіп ордабұзар шағында үлкен жетістіктерге жетіп, өз мамандықтары бойынша алда келе жатқан жігіттер мен қыздар егемен еліміздің ертеңгі елеулі табыстарға жетіп, Тәуелсіздігіміздің алдағы 40-50-60 жылдықтарында да еліміздің экономикасымен әлеуметтік жетістіктеріне өз үлесін еселеп қосатын білікті кадрлар болып жетілуіне шын жүректен тілектеспіз. Жалпы қай жылғы жастар болсын, жастық жалынмен, ыстық жүрекпен, нұрлы жігермен өз саласының маманы болса, еліміз алға қарай өркендеп дамитынына бек сенеміз!

Жәлел ШАЛҚАР.