Жаңалықтар

Тәуелсіздік тірегі

М.Әуезов атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №14 кітапхана филиалында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Футболдан «Жастар» олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің оқушыларына таныстырылым жасалды.
Ұйымдастырушылар өскелең ұрпақтың өз елінің тарихын білуімен қатар, құрметтеудің, жас ұрпаққа патриоттық тәрбиені қалыптастырудың маңызды екенін жеткізді.
Жүрек төріндегі толғанысынан шыққан Тұңғыш Президентіміздің бұл кітабын Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар. Тәуелсіздік шежіресін тұтас қамтыған кітап төрт бөлімнен тұрады. Олар «Мемлекеттің дүниеге келуі», «Ұлы бетбұрыс», «Қияға құлаш сермеу» және «Қалыптасқан мемлекет» деп аталады. Ұлы Дала иесі жаңғырған Қазақстан Республикасы ата-бабаларымыздың аманатын жүзеге асырып, тәуелсіздігінің жиырма жетінші жылына аяқ басты. Кітапхана меңгерушісі З.Калиева «Елбасы – тарих толқынында» атты баяндама жасап, кітапханашы Т.Камышникова «Тәуелсіздік шежіресі» көрмесіне шолу жасады.
Тарих үшін мұндай уақыт аз мерзім, алайда, осынау қысқа уақыт ішінде еліміз бұрын-соңды болмаған жаңа саяси, экономикалық, әлеуметтік дамудың және мәдени рухани жаңғырулардың күрделі әрі нәтижелі белесінен өтті. Осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасы тұғыры берік, қуатты мемлекет болып қалыптасып, халқымыздың тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге құлшыныспен кірісті. «Шынайы ізгілік жайлаған елді ғана Отаным деп есепте» деген ұлылар сөзін жадында сақтай білген Елбасының бүгінгі таңда атқарып келе жатқан істерінен келісті келешегіміздің келбетін көре аламыз. Сол келісті келешектің көшіне ілесер жас ұрпақты Елбасы сынды даралар жолына бағыттай білсек, ұрпақтарымыздың келер күндері бұдан да жарқын, бұдан да айқын боларына сеніміміз мол.
Қазақстанның жаңа тарихынан сыр шертетін туынды уақыт өте келе ел жөніндегі таптырмас танымдық оқу-құралына айналары сөзсіз. Жақсы кітаптар жаныңызға серік болсын!

А.ҚОҢЫРОВА,
№14 кітапхана филиалының кітапханашысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button