Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Тәуелсіздік тартуы – 56 мектеп

Қарағанды облысында барлығы 499 мектеп бар. Тәуелсіздік жылдарында облыс бойынша 56 оқу ордасы салынды. Олардың арасында Қазақстанның Тәуелсіздігімен бірге 30 жылдық мерейтойын атап өтетін мектептер де бар.

Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия – тәуелсіздікпен түйдей құрдас мектеп. Ол Қазақстан бойынша 100 үздік мектеп қатарына кіреді. Оқу ордасы 1991 жылы ашылды және 30 жылдан бері елімізбен бірге өсіп келеді. Білімді түлектерімен мектептің атағы алысқа тарады. Жыл сайын олардың жартысына жуығы жоғарғы оқу орындарының гранттарына ие болады.

 – Біздің мұғалімдер әр оқушы үшін аянбай еңбек етеді және ата-аналармен тығыз жұмыс жасайды. «Гимназия – отбасы – бала» қағидатын негізге алып, педагогтер балалар бойындағы отбасылық құндылықтарды дамытуға, олардың көшбасшылық қасиеттерді және белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға тәрбиелейді. Гимназияда аналар мен әкелер мектебі ашылды. Онда тренингтер, жиналыстар мен тақырыптық кештер ұйымдастырылады. Осы тәжірибе негізінде «Мен жастарға сенемін» атты көп сериялы фильм түсіру жоспарлануда. Басты рөлдерде ата-аналар мен балалар болады, – деді мектептің бұрынғы түлегі, қазіргі ата-ана Досжан Уақасов.

Гимназияның мақтанышы – «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблі. Олар халықаралық байқаулардан әрқашан жүлдемен оралады. Мерейтой қарсаңында гимназияда мұражай, Тәуелсіздік залы және MAGJAN медиаорталығы ашылды. Сонымен қатар, Ұлттық орталық пен coworking ашу жоспарда тұр. Гимназия оқушыларының өз телестудиясы, YouTube арнасы және журналы бар екен. Сондай-ақ, Қарағандыда №101 мектеп-лицейі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылы ашылды. Бастапқыда мектеп жаратылыстану-математикалық және мәдени-коммерциялық бағыттағы «Аян» шынайы мектебі деп аталды. Лицей елімізде алғашқылардың бірі болып, 12 жылдық оқытуды енгізу бойынша тәжірибеге қатысты. 2013 жылы бұл мектеп Георгий Рудик басқарған «21 ғасыр педагогикасы» республикалық жобасына кірді. Оның тәжірибесі білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу кезінде жүзеге асты.

– 2017 жылдан бастап мектеп робототехникамен, авиамодельдеумен ұсынылған инженерлік-техникалық бағыт бойынша белсенді дамуда. 2 жыл ішінде «Болашақ инженерлері» жобасына қатысқан оқушылар 3D модельдеу, робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар бойынша облыстық, республикалық және халықаралы конкурстардың жүлдегерлері болды, – деді мектеп-лицей директорының орынбасары Елена Привалова.

Бүгінгі таңда №101 мектеп-лицейі Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың физика-техникалық факультетімен тығыз байланыста. Мектепте медиаорталық және мұражай жұмыс істейді. «Аян» оқушылардың ғылыми қоғамы пәндік олимпиадаларға қатысатындарды және жобалық жұмыстармен айналысатындарды біріктіреді. Тәуелсіздіктен бір жыл бұрын ашылған білім ордасы – №23 мектеп өткен жылы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл мектеп 32 үйірмесімен танымал. Сондай-ақ, оның 10 спорт секциясы болашақ чемпиондарды тәрбиелейді.

– Мен жылдар бойы осы мектепте жұмыс істеймін. Оның іргетасын қалауға көмектестім, құрылысына қатыстым. Тәуелсіздік жылдарында біздің мектеп жаңаша кейіпке енді. Мектепте жабдықталған 44 оқу кабинеті жұмыс істейді, – дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші және Білім беру ісінің үздігі Владимир Александров.

№23 мектепте оқушыларға арнайы жабдықталған «Жас сарбаз» сыныптары бар. Сонымен қоса, тарихи-өлкетану мұражайы да сол мектептен табылады. Онда қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс ерекшеліктерін көрсететін мыңнан астам экспонаттар бар. Облыстағы оқу орындарының саны жыл санап артып келеді. Оның ішінде мектептер ғана емес, қосымша білім беру ұйымдары мен заманауи үлгіде салынған оқушылар сарайы да бар. Олардың жалпы саны – 51. Жаңа білім ордасына деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі уақытта өңірде төрт мектеп салынуда.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button