Жаңалықтар

Тәуелсіздік пен тұтастық негізі

   18 қазан – Қазақстан халқы үшін Рухани келісім күні. Осыған орай облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ аймақтағы дәстүрлі дін өкілдері мен мәдени-рухани мекеме басшыларын «Нұр Отан» партиясы Қарағанды  облыстық филиалы ғимаратында өткен аптаның соңында қабылдады.

Рухани үндестік болмаған жерде береке, бірлік те, шалқыған тірлік те жоқ-ау, сірә?! Алаш баласының Алладан әуелі ауызбіршілік тілейтіні содан болуы керек. Ауызбіршілік болса, ел тұтас. Ал, тұтастық пен татулық – біздің Мемлекеттің маңдайға басқан ұраны десек, артық айтқандық емес. Осыны ерте бастан пайымдаған Елбасы Н.Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алысымен келесі 1992 жылы қабылдап жіберген екен Рухани келісім күнін. Тәуелсіздікпен тете ұғым тұтастығымыздың негізі болсын дегені де.

«Қазақстан жұрты үшін бұл күннің маңызы ерекше» деп бастады сөзін Ерлан Жақанұлы.

– Елбасы әрқашан айтып отырады: Біздің Қазақстандағы ең үлкен байлық ол – біздің бірлігіміз, татулығымыз бен қоғамдағы келісім. Ұлтаралық бірлік, дінаралық келісім, халық арасындағы достық – осының барлығы бүгінгі Қазақ қоғамына тән құбылыстар.

Таяуда шетелдік бір арнадан Қазақстандағы діни келісім төңірегінде көрсетілімдер жүріп жатыр екен. Сонда әлгі сюжеттен байқап қалдым. Сол қанатында мешіт тұр, оң қанатында шіркеу тұр, сәл әрірек синагога тұр. Мұндай татулықты, мұндай келісімді, осындай бірлікті тек Қазақстаннан ғана байқауға болады деп ойлаймын – дейді аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы.

Өз кезегінде сөз сөйлеген Қарағанды облысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілетті имамы Өмірзақ қажы Бекқожа да жақсы сөз – жарым ырыс дегізгендей қылып айтты.

«Қашанда татулығы жарасып, ауызбірлігі мен достығы үйлесім тапқан ел бір арнаға түйісіп, халықтың тілегі мен асыл армандары орындалып, бақытты қоғамда бейқам өмір сүретіні белгілі. Бабаларымыздың «бірлігі барды жау алмайды» деген нақыл сөзі ауызбірлік пен татулыққа, ел тыныштығына негізделсе керек. Алла Тағаланың рахымыменен Елбасымыздың бейбітшіліксүйгіш салиқалы саясатының арқасында Отанымызда бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде» деді облыстық мешіттің бас имамы Өмірзақ қажы Қазыкенұлы.

Ашық дөңгелек үстел басындағы жиын барысында облыстағы дәстүрлі дін өкілдері һәм қоғамдық бірлестіктер жетекшілерінің біразы сөйлеп, Қазақстандағы рухани келісім тақырыбында ойларымен бөлісті. Басты ұстаным – біреу, ол – жаһандану заманындағы жаңа Қазақстанның тозбас бірлігі мен азбас тірлігі.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button