Тәуелсіздік – ән-жырым

   Қарағанды қаласының Майқұдық бөлігіндегі №68 орта мектеп жанындағы шағын орталықта «Әнім саған арналады, Қазақстан!» атты ертеңгілік өтті. «Балбөбек» тобының тәрбиешісі Толғанай Рыстымбекова дайындаған ертеңгілік балаларға қуаныш сыйлаумен қатар, таным қабілеттерін де арттырды.

Балаларды айтулы мерекемен таныстырудан басталған шараның Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы білімдерін кеңейтіп, Отанын, Астананы, туған қалалары – Қарағандыны танып білуге, жақсы көруге тәрбиелеуде маңызы үлкен болды.

Әр мереке сайын тақырыпқа сай шара ұйымдастырып, балалардың қабілеттерін шыңдап жүрген Толғанай Досымбекқықызына балалармен қатар, ата-аналар да дән риза. Ән айту, би билеумен қатар, балалардың шығармашылығын арттырып, сөздік қорлары мен тілдерін дамытуда аталған шаралардың маңызы зор.

Мерекеге сай безендірілген залға «Атамекен» әнімен кірген балалар Тәуелсіздік тойына ән мен биден шашу шашты. Елінің тарихына көз жүгіртіп, сөз сөйлеген шешендерін, найза ұстаған батырларын да дәріптеді.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өлеңдер оқып, әр ұлт өкілдерінің киімін киген балалар шеңбер бойын айнала жүріп, көпұлтты еліміздің достығын паш етті.

Сонымен бірге, Сарыарқаның төсінде Тәуелсіздіктің арқасында бой түзеген Қазақстанның інжу-маржаны  – Астана қаласы туралы жырларды да жатқа оқыды.

Өз тілшімізден.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.