Тәуелсіздік монументі – асқақ рух пен берекелі тірлік бейнесі
Жер кіндігі – Жезқазған. Құлаққа аса жағымды естілетін осынау теңеуді металлургтер мекенінің тұрғындары лайықты мақтан тұтады, сол арқылы жігерлерін жаниды, ертеңгі күнге ерекше ынтызарлық танытады. Еселі еңбек нәтижелерімен төрткүл дүниеге танымал, ән мен жырға арқау болған Жезқазған биыл өз жылнамасының 63-ші бетін жазып шықты. Бәтуалы тірлігін мерейлі мерекеге ұштастыра білетін қалың қауым Қала күні мейрамын қалыптасқан дәстүрге сай, көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алды. Атаулы күннің басты жаңалығы – күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылған Алаш алаңының тұрғындар игілігіне берілуі, алаң төрінде бой көтерген еңселі Тәуелсіздік монументінің ашылуы болды.
Қазақстанның көпұлтты халқының Тәуелсіздік жылдарындағы таңғажайып жетістіктері мен кемел келешекке кіршіксіз сенімінің айғағы іспетті монументте биікке құлаш керген самұрық кұс пен оның алып жұмыртқасы бейнеленген. Көкте самғаған самұрық құс – біздің болмысы бірегей еліміз, алып жұмыртқа – жер шары. Ал, онда Қазақ Елінің картасы бедерленген. Асқақ рух пен берекелі тірліктің бейнесіндей монументтің авторы – қарағандылық мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мұрат Байысбай.
Өзінің құттықтау лебізін «Жезқазған – өткен ғасырдың шежіресіне алтын әріппен жазылып қалған мысты қала, бүгінгі күннің салтанаты келіскен сәнді шаһары. Тәуелсіз Қазақстан мен Мемлекет басшысының саяси-экономикалық тұрғыдағы мейлінше сенімді тірегі» деп бастаған қала әкімі Батырлан Ахметов алаңға жиылған қарасы барынша қалың ағайын-елді мерейді өсірген шуақты мерекемен ақжарыла құттықтады. Қаланың өткен шақтағы өнегелі жетістіктерін тілге тиек етіп, әлеуметтік сипатта әлеуетті негізде атқарылған жұмыстар ауқымына қысқаша шолу жасады. Сонымен қатар, алдағы кезеңдердің еншісінде тұрған жоспарлы шаралар туралы сөз қозғап, қолға алынар істердің барлығы дерлік Арқа төріндегі айшықтары ажарлы қаланың келбетін бұрынғыдан да келісті түрге енгізерін атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізілетін жұмыстар тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі қауқарлы ете түсуге септігін тигізеріне сенім білдірді.
Иә, айтса айтқандай-ақ, қара қазанды қайнатып, сары мысты сапырған Жезқазған – арманның ақиқатқа айналуының айғағы. Сары дала төсіндегі Үлкен Жезқазған кентін металлургтер мекендейтін шырайлы шаһарға айналдыру – өз заманының заңғар ұлы, атақты ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев пен оның сенімді серіктерінің ұлы мұраттарының бірі болғаны белгілі. Міне, сондықтан да, қаланың қазіргі тұрғындары – Ұлт мүддесін бәрінен биік қойған аяулы тұлғалардың аманатын алдағы күндерге арқалап жеткізушілер. Осындай тұжырым жасауға толыққанды негіз бар. Соның бастысы – қала аумағындағы 70-тен астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің өзара бірлігі, мызғымас тұтастығы мен ажырамас достығы. Олар кез келген күрделі істің күрмеуін «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара отырып шешуге қалыптасқан. Бұл – жезқазғандықтардың айнымас дәстүрі, өмірлік ұстанымы.
Жүздері қуаныштан алаулаған жұртшылық Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармония әншілерінің, «Шашу» халықтық би ансамблі, «Аэлита» эстрадалық би тобының, «Самға» студиясы өнерпаздарының, сондай-ақ, түрлі деңгейдегі өнер байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері орындаған әсем әндер мен тартымды билерін тамсана тамашалады.
Бағдарламаға сәйкес өткізілген спорттық іс-шараларға қатысушылар мен жанкүйерлердің санында да шек болмады. Бәсекелі сындарда бағы жанғандар тиісті марапаттарға қол жеткізіп, бағалы сыйлықтарды еншіледі.
Сол күні қала тұрғындары мен қонақтары Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Дастан Оразбеков, Айбар Серкебаев және Айқын Төлепбергеннің өресі биік өнеріне де құшырлана қол соғу мүмкіндігін иеленді.
Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама аясындағы іс-шаралар Жезқазғанның түнгі аспанын шұғылалы алау-нұрға бөлеген әсерлі отшашумен түйінделді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
Суреттерді түсірген
Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.