«Жайлау» бағдарламасы: фермерлерге 350 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі
Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жайылымдық мал шаруашылығын одан әрі дамытуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «Жайлау» жаңа жеңілдетілген кредиттік өнім іске қосылды. Бұл туралы мал шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

«Жайлау» бағдарламасы қуаттылығы 300 бастан кем емес ірі қара мал немесе 1000 бастан кем емес ұсақ мал ұстайтын жаңа мал шаруашылығы қожалықтарын құруды қолдауға бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыру саланың өндірістік инфрақұрылымын нығайтуға, мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға және ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Жайлау» бағдарламасының шарттары:
* жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан аспайды;
* кредит беру мерзімі – 10 жылға дейін;
* қаржыландыру көлемі – ірі қара мал өсіру жобалары үшін 350 млн теңгеге дейін, ұсақ мал өсіру жобалары үшін 200 млн теңгеге дейін.
Сонымен қатар, «Игілік», «Береке» бағдарламалары және «Айналым қаражатын толықтыру» бағыты бойынша жеңілдетілген қаржыландырудың қолданылу аясы кеңейтілді. Енді бұл бағдарламалар тек ірі қара мал шаруашылығын ғана емес, қой, жылқы, түйе, ара, марал шаруашылықтарын және шошқа шаруашылығын да қамтиды.
«Игілік» және «Береке» бағдарламалары жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға арналған. Осының барлығы ауыл шаруашылығы жануарларының санын көбейтуге, табындардың генетикалық әлеуетін жақсартуға, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға жол ашпақ.
«Игілік» бағдарламасының шарттары:
* 100 бастан импорттық ірі қара малды немесе 500 импорттық ұсақ малды сатып алу;
* импорттық немесе отандық асыл тұқымды жылқы, түйе, марал, ара тұқымдарын және шошқа сатып алу;
* жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан аспайды;
* кредит беру мерзімі – 7 жылға дейін.
«Береке» бағдарламасының шарттары:
* 500 бастан жоғары импорттық ірі қара малды немесе 1000 бастан жоғары импорттық ұсақ малды сатып алу;
* жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан аспайды;
*кредит беру мерзімі – 7 жылға дейін.
Қаржыландыру бағыты мен сатып алынатын мал түріне қарай негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша 12 айдан 30 айға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған.
«Айналым қаражатын толықтыру» бағыты бойынша қаржыландыру:
* жем-шөп пен жемдік қоспаларды сатып алуға;
* жанар-жағармай материалдарын алуға;
* қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге;
* ветеринариялық препараттарды сатып алуға;
* жем дайындау және тарату техникасы мен жабдықтарына арналған қосалқы бөлшектерді сатып алуға беріледі.
Негізгі шарттары:
* жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5%-дан аспайды;
* кредит беру мерзімі – 12 айға дейін.
Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды (ӘКК) тарту арқылы қаржыландыру арналары кеңейтілді.
Жеңілдетілген бағдарламаларға қатысу шарттары туралы толық ақпарат алу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалдарына және облыс әкімдіктері жанындағы өңірлік ӘКК-лерге жүгіне алады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



