Қарағанды

Тәуелсіздік белгісі

Қай ел, қай мемлекетті алсақ та оның өз рәміздері болады. Оларға – ту, елтаңба, әнұран жатады. Бұлар әрбір тәуелсіз мемлекет үшін ең маңызды қажеттіліктер. Рәміздеріне қарап олардың тарихын, мәдениетін, дінін, тілін, дәстүрін, барлық құндылықтарын білуге болады. Сол сияқты Қазақстан мемлекетінің де тәуелсіздігін алғаннан кейінгі ең маңызды міндеті тұрды. Ол Қазақстан рәміздерін тағайындау еді. Сол кезден бастап еліміздің өз туы , елтаңбасы, әнұраны бар. Бұлар ел үшін, мемлекет үшін баға жетпес құндылық . Бұл құндылықты әрбір «Мен қазақпын» деген азамат ардақ тұту қажет. Рәміздер біртұтас Қазақстан Республикасының ажырамас бөлігі, айқын бейнесі. Рәміздердің әрқайсының шығу тарихы бар. Бұл Қазақстанның қаншама ғасырлар бойы аңсап күткен тәуелсіздігін алғандығын паш ететін киелі қазына. Басқа мемлекеттер рәміздері сияқты біздің рәміздерімізден де көп нәрсені аңғаруымызға болады. Тудан қазақ елінің көк аспанның астындағы бейбіт сүйгіш халық екендігін, дала бүркітіндей еркін, қиядан-қияға самғайтындығын, ал шұғылалы алтын күн байлықты, дархандықты ұқтырғандай. Елтаңбаның көркемдігіне сөз жетер емес. Ондағы әрбір бейне қазақ бейнесін аша түсетіндей. Шаңырақ, уықтар, аңыздағы қанатты пырақтар, бес бұрышты жұлдыз, «Қазақстан» деген жазу өте ақылмен ойластырылып, бесеуі де бір-бірімен өз үйлесімін тапқан. Әнұранға келсек бұл да қазақтың төл туындысы, салтанатты әні. Оның шырқалуы, шарықтауы, мағыналылығы қоғамдағы атқаратын рөлі өте зор. Қазақстан Рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында дүниеге келді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері – ештеңемен салыстыруға келмейтін нағыз өнер туындысы деп ойлаймын. Бұларды дүние жүзіне танымал әйгілі туындылармен салыстыруға келмейді және салыстыруға болмайды. Мен үшін ел рәміздерінің өз шығу тегі бар. Сол сияқты біздің де рәміздің өз шығу тарихы бар. Қазақ қаншама қиындық кешіп, тәуелсіздікке ұмтылса, біздің рәміздеріміз де қазақ халқымен бірге күрескен.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы алтын түсті күн, оның астында қалықтап ұшқан дала қыраны, шетінде қазақ ою-өрнегі бейнеленген көк түсті. Оның әр бояуында терең ой, философия жатыр.1992 жылы еліміздің рәміздерін жасауға байқау жарияланды. Тудың жобасын жасауға ТМД елдерінен, Туркиядан, Монғолиядан, Германиядан 1200 суретші қатысып, одан қазақ суретшісі Шәкен Ниязбеков жеңіп шығады. Өз жобасын жасай отырып әр тамған бояуын үлкен отансүйгіштікпен, еңбекпен, зор қуанышпен бояғаны сезіліп-ақ тұр. Тудың біркелкі көгілдір түсі – бірігу мағынасын беру мен қатар бейбітшіліктің, тыныштықтың және жарқын болашақтың белгісі. Біркелкі көгілдір түс бұлтсыз ашық аспан мен оның астында өмір сүріп жатқан бейбіт сүйгіш халықты еске түсіреді. Ортасындағы алтын түсті күн – байлықтың белгісі болса, қалықтап ұшқан бүркіт қазақ ұғымында дархандық, қырағылық, бейбітшіліктің символы іспеттес. Бұл ту биікке желбіреген сайын бірлікте өмір сүре береміз деп ойлаймын.

1992 жылы еліміздің рәміздерінің бірі елтаңбаның жобасын жасауға да сайыс жарияланды. Онда ақтық мәреде 245 жоба,67 елтаңбаның болашақ бейнесі сайысқа түсті. Мұнда Шоқан Уәлиханов, Жандарбек Мәлібеков жеңіске жетті. Содан бастап елтаңба мемлекеттің асыл құндылығына айналды. Елтаңба-дөңгелек нышанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ, оның жаны күн сәулесі шуағында уықтар торланған. Шаңырақтың екі жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнеленген. Жоғары жақта жарқылдаған бес бұрышты жұлдыз, төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу орналасқан. Елтаңбаның ең негізгі бөлігі – шаңырақ. Ол елтаңба жүрегі болып саналады. Шаңырақтың беретін мағынасы өте ерекше. Шаңырақ әлем тұтастығын, мемлекет бастауы, отбасы берекесі іспеттес. Ал қанатты тұлпарлар – мәңгілік өмір, Қазақстанның тұлпарлар сияқты алға озуын, Қазақстанда тұратын ұлттардың бірлігін, рухани байлығының белгісі. Бұл пырақтар қазақтардың үміті, жас ұрпаққа деген сенімі, болашақ арманы, самғау биігі мағынасында. Төбедегі жұлдыздың орны ерекше. Әр адамның өмірінде жол көрсететін, бағыт-бағдар беретін жұлдызы болады. Сол сияқты мемлекеттің де көшбасшысы болады. Бұл атқа әбден лайық деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты атар едім. Төмендегі «Қазақстан» деген жазу ел тарихында да, дүние жүзі тарихында да мәңгіге өшпес, кетпес таңба деп білемін. Мен әлі күнге дейін елтаңбамыздың көркемдігіне, ондағы элементтердің дұрыс орналасуына, бағажетпестігіне қайран қаламын. Бұл туындыны жоғары бағалаймын.

Ендігі рәміздің бірі – ел Әнұраны. 2006 жылы ел Әнұраны өзгерді. Ол – 20-шы ғасырдың екінші жартысында бақытты кезеңді жырлаған нағыз патриоттық «Менің Қазақстаным» әні еді. Бұл халық жанының поэмасы саналатын. Оны жазған атақты ақын Жұмекен Нәжімеденов болатын. Әнін дүниеге әкелген – қазақ саз патшасы Шәмші Қалдаяқов. Бұл әнұранның тағы бір авторы бар ол – Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Президент екі ғасырды тоғыстырып, әнұран сөзін уақыт өзгешелігімен үйлестіре білген. Жаңа әнұран ең алғаш 2006 жылы 10 қаңтарда Ақордада шырқалды. Тәуелсіз еліміздің рәміздерін дүниеге келтіру үшін қаншама маңдай тер, еңбек етілгені баршаға аян болды.

Міне, биыл Қазақстан мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл толып отыр. Яғни, туымыз жиырма бес жыл бойы көгімізде желбіреп, әнұранымыз шырқалып, елтаңбамыз өшпес таңбаға айналды.

Көк туымыз желбірегенде бар қазақтың жүрегіне қуаныш, сенім ұялайтыны белгілі. Әнұран шырқалғанда әр адам орнынан тұрып, қолын жүрегіне қояды. Бұл – әнұранға деген шексіз құрмет. Менің жүрегім еліммен бірге жасап, әнұраныммен бірге соғып, өмірі тоқтамайды. Рәміздеріміз жасай берсін!

Д.Балабаева,

«Қарағанды облысының

ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архиві» КММ-нің

құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы міндетін

атқарушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button