Бас тақырыпРуханият

Тәшенов жүлдесі – үздіктерде

«Ұлт – ұлы тұлғаларымен асқақ» десек, Жұмабек Тәшенов сондай тұғырлы тұлғаның бірі һәм бірегейі. Еліміздің солтүстік бес облысын аман алып қалғаны – азаматтықтың биік шыңы. Қарағандыда ақын Айтбай Жұмағұловтың ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ерлік істерін насихаттап, жыл сайын мәдениет пен әдебиет саласындағы үздіктерге Ж.Тәшенов жүлдесі табысталып келеді. Бұл игі іс қолға алынғалы бері Сапар Ибкеев меценат ағамыз демеушілік жасауда. Биыл он төртінші рет өткен шараға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов бастаған Арқа жұртшылығы қатысты. Кештің арнайы қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әнші Медет Салықов пен Клара Төленбаева.

Дәстүрлі іс-шара жыл сайын өткізіледі. Бұған дейін әр жылдары Қойшығара Салғараұлы, Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтұлы, Бекболат Тілеухан, Қонысбай Әбіл, Баянғали Әлімжанов, Досымжан Таңатаров сынды өз саласының шеберлері Ж.Тәшенов жүлдесі табысталатын кешке арнайы қатысып, рухына тағзым жасап, өз өнерімен Арқа жұртының мерейін асырған.

– Айтбайдың ұйымдастыруымен көп жылдан бері әр түрлі форматта Жұмабек Тәшенов жүлдесі өткізіліп келеді. Ж.Тәшеновтің Қазақстанның бес облысын аман алып қалғаны және басқа да өнегелі істері насихатталуда. Ж.Тәшеновтің есімі қанша ұлықталса да көптік қылмайды. Қарағандыда қаншама көше қазақыланды. Осындай игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысым шексіз. Енді, алдымызда Карл Маркс көшесіне Ахмет Байтұрсынұлы есімін беру міндеті тұр. Келе жатқан Қоян жылы берекеге толы болғай, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова.

Ерболат Қуатбек, Рауан Қабидолда, Жадыра Байбұланова, Жәнібек Әлиман, Айзада Рахымжанова, Ерік Нарын, Жоламан Айткен сынды 13 ақын үздік атанып, Тәшенов жүлдесі арқылы тұңғыш жыр жинағын шығарып, поэзия әлеміне жолдама алған. Жұмабек Ахметұлы көзі тірісінде қазақтың қасиетті жерін сақтаса, өмірден өткен соң да жас таланттарға пана болуда.

Ал, былтыр Жұмабек Тәшеновтің өмір жолы мен қызметіне, шығармашылығына арналған белгілі қаламгерлердің поэма, драма, естелік, және прозалық шығармаларынан тұратын жинақ жарыққа шықты. Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай Сағымбай Жұмағұловтың құрастыруымен «Естеліктегі Ахмет Байтұрсынұлы бейнесі» атты жинақ жарық көрген болатын. Жоғарыдағы 13 ақынның жыр жинағымен қоса осы екі ғылыми жинақтың шығуына да Сапар Ибкеев демеушілік еткен.

– Айтбай бауырымыздың қандай патриот азамат екенін білеміз. Ұлттың рухын көтеру, санасын ояту жолындағы осындай игі істерінде қашанда тілекшіміз, қолдаушымыз. Бірлік болмаса, тірлік болмайтыны анық. Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, білім мен тәрбие түзелмесе, жоғымыз түгенделмейді. Сондықтан, қазір бізге бірлік керек. Жастар Жұмабек Тәшеновтей ұлы тұлғаларды үлгі тұтып өссе, жаман болмайды, – деді қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.

Ал, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков Айтбай Жұмағұлдың атқарып жүрген шаруасын екінің бірі жасай алмайтынын айтады. «Кешегіні бүгінгімен үйлестіріп, жас буынның санасына құюда талмай еңбек етіп келеді. Мұның бәрі өзі үшін емес, келешек үшін әрине. Сондықтан, «Руханияттың Атымтай жомарты» Айтбай ақын дер едім. Айтбайдың әр бастамасын қолдауға дайынбыз. Жұмабек Тәшеновтей ұлы бабалардың рухы бәрімізді желеп-жебей берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, – деді ол.

Сонымен, «Жылдың үздік айтыскері» – Еркеғали Бекболат, «Жылдың үздік журналисі» – Әшімхан Жампейісов пен Нұрлыхан Қалқаманұлы, «Жылдың үздік қайраткері» – Жансейіт Қалиұлы, Эльмира Сайлауқызы және Зарина Әшірбек деп танылды.

«Ғылым мен білімге және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» – Бибісара Әубәкірқызы, «Оқу-ағартуға және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» – Тілеуғалы Әміртаев пен Күліш Төлеуханқызы, «Алаш идеясына адал еңбегі үшін» – Кәмел Жүністегі һәм Амангелді Туғанбай марапатталды. Номинация иегерлеріне арнайы диплом мен естелік сыйлықтар берілді.

Ал, Ж.Тәшенов атындағы Бас жүлдемен Қазақстан Республикасының «Мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі үшін» Қайрат Кемалов марапатталды. Бас жүлде иегеріне демеушілер ат мінгізді.

– Демеушілік жасаудан танбайтын, «Арқаның Атымтай жомарты» Сапар Ибкеев ағама шексіз алғыс айтамын. Ж.Тәшенов жүлдесінен басқа да ел игілігі үшін пайдалы істі үнемі қолдайды. Бүгінгі шараға атсалысқан барша азаматтарға Рымбала Кенжебалақызына, Құдайберген Бексұлтан мен Бекзат Алтынбеков мырзаларға дән ризамын. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Қайроллаұлына, Халық шығармашылығы орталығының директоры Кағиза Сүлейменқызына көп-көп рақмет. Жүлдегер атанған үлкендерге «Жосалы» шипажайына демалыс сыйлап, демеушілік жасаған азамат Дидар Серікұлына, Астанадан арнайы келген ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Медет пен Клараға алғысым шексіз, – деді Айтбай Жұмағұл.

Ұлттың ұлы перзенті Жұмабек Тәшеновтің асыл қасиеттері, бәрімізге үлгі-өнеге болып қала бермек.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button