Жаңалықтар

Тәртіп сақшылары – жаңа ғимаратта

   Кеше аймағымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ пен облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасының Киров полиция бөлімінің жаңа ғимаратында болды.

Бұл жаңа нысан жыл басында пайдалануға берілген болатын. Жұмыс сапары барысында Елордадан ат шалдыр­ған полиция генерал-майоры мен аймақ басшысы ғимаратты аралап, оның техникалық мүмкіндіктерімен, полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты.

Киров полиция бөлімінің жаңа ғимараты заманауи технологиялар бойынша заман талабына сай жаңа мүмкіндіктермен салынған. Әр қызметкердің жұмыс жасауына максималды тұрғыда жағдай жасалған, – деді Ерлан Қошанов.

Жаңа ғимараттың құрылысы 2014 жылы басталған және бұл ел тәуелсіздігін алған жылдары Қарағанды облысының Ішкі істер органдарына арнап салынған алғашқы ғимарат саналады. Нысанда – демалыс және тамақтану бөлмелері бар заманауи кезекші бөлім орны, құжат сақталатын мұрағат, үлкен жиын залы және асхана қарастырылған. Ең бастысы, мұнда әр қызметкердің заманауи технологиялармен жабдықталған жеке кабинеттері бар.

Киров полиция бөліміне жаңа ғимарат тұрғызу мәселесі бұрыннан бері көтеріліп келді. Өйткені, бұрынғы ғимарат 1961 жылы салынған және оған күрделі жөндеу жұмыстары қажет еді. 2014 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде жаңа ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 900 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Осы үш жыл ішінде ғимарат салынып, қолданысқа берілді. Ғимарат полиция жұмысына қажетті барлық заманауи технологиялармен қамтылған. Алдағы уақытта полиция қызметкерлері сенімді ақтап, қоғам тыныштығы жолында аянбай тер төкпек. Департамент басшылығы мен жеке құрамының атынан облыс басшылығына, мәслихат депутаттарына және ҚР Ішкі істер министрлігіне көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдіремін, – деді облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы Мергенбай Жаппаров.

Полиция бөлімінің жалпы аумағы 5540 шаршы метр. Соның ішінде, бақылау-өткізу пункті – 49, көлікжай – 546 және қазандық – 116 шаршы метрді құрауда.

Бұдан әрі ІІД бас ғимаратында Ерлан Тұрғымбаев өткен жылдың қорытындысы бойынша жедел кеңес өткізді. Айта кету керек, облыстық Ішкі істер органы қызметкерлерінің жедел және тиімді іс-қимылдарының нәтижесінде өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстардың тіркелуі төмендеді. Қарақшылық шабуыл – 14%-ға, тонау – 18%-ға, бұзақылық – 29,8%-ға, алаяқтық фактісі – 3,4%-ға пайызға азайған.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button