Түркияны тамсантып қайтты
Нұра аудандық Мәдениет үйінің «Шұғыла» би ансамблі Түркияның Стамбул қаласында өткен «Aiash Star» халықаралық шығармашылық байқауында жүлделі орындар иеленді.
Таратып айтатын болсақ, «Бабалар мұрасы» деген би композициясымен өнер көрсеткен ансамбль бас жүлдені жеңіп алса, алты жасар балдырған Нұрай Сапарқызы Сайранованың орындауындағы «Аққу» биі көрермендер мен қазыларды тәнті етіп, кіші жас тобындағы өнерпаздар арасында бірінші орынға ие болды.
Өңірдің жас таланттары халықаралық додада бақ сынауына «Шахтер» шаруашылығының басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Георгий Георгиевич Прокоп мүмкіндік жасады. Ол ансамбльдің жол сапарына 4 миллион теңге көлемінде қаржы берді.
Бұл халықаралық байқауға әлемнің әр түпкірінен келген талантты өнер ұжымдары қатысты. Солардың арасында ерекшеленген «Шұғыла» ансамблі сәтті хореографиясымен, ұлттық нақыштағы костюмдерімен және жоғары орындау шеберлігімен билерін қызықтаушыларды да, қарсыластарын да таң-тамаша қалдырып, Түркияны тамсантып қайтты.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕ: «Шұғыла» ансамблі Стамбул шаһарындағы «Aiash Star» халықаралық шығармашылық байқауында