Аймақ

Түрі бөлек, тілегі бір

Қазақстан халқының тілдері күні Саран қаласының Мәдениет үйінде мерекелік шара ұйымдас­тырылып, аталған өңірді мекендейтін 70-тен аса ұлт өкілінің тілдері төрге озды.

Мәдениет үйіне кіреберісте екі қатар тізілген түрлі ұлт киіміндегі жастар келушілерді қошеметпен қарсы алып, қақ жарыла жол ашып тұрды. Олар қаладағы Тілдерді дамыту орталығының мамандарының шеберлік сағаттарын тамашалап, одан әрі залға өтіп, мерекелік салтанатқа куә болды.

Салтанатты сәтте сахна төріне шыққан Саран қаласы әкімінің орынбасары Еркін Баулықов жиналған жұртты мерекемен құттықтап, қалада тілдерді дамыту ісіне қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа қала әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды. Марапат алғандардың арасында қалалық Аналар кеңесінің төрағасы, «Тіл қорғаны» жұмыс тобының мүшесі Гүлжан Жүсіпбекова, Балалар өнер мектебі домбыра сыныбының мұғалімі Ғабиден Абжатов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Саран қалалық бөлімшесінің төрағасы Береке Жарылғапова және басқалар бар.

Ендігі кезекте сарандықтар Қали Байжанов атындағы облыс­тық концерттік бірлестіктің «Мерей» ансамблі әншілерінің өнеріне тәнті болып, сүйсіне қол соқты. Әсіресе, ансамбль құрамындағы жігіттер триосы, әншілер Ербол Алшынбаев, Қуат Дүйсенов, Гүлмира Серікова, Әсем Қарабаева, Кристина Ракшаның әр тілде шырқаған әндері құлақ құрышын қандырып, жұртшылыққа қуаныш сыйлады.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
САРАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button