Тұрақтылық пен қауіпсіздік тұғыры

   С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында Тұңғыш Президент күніне орай, облыстық Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен салтанатты жиын өтті.

Шара барысында жиналғандар ерлікпен қаза тапқан сақшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Марқұмдардың отбасыларына және оқиға кезінде қауіпке бас тіккен ішкі істер саласының өкілдеріне сый-сия­пат жасады. Департамент бастығы Мергенбай Жаппаров тыныштықтың сақшысы полиция қызметкерлерінің ерлігі мен еңбегін жоғары бағалап, мерекемен құттықтады.

ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірқатар қызмет­керге шен тапсырылып, «Құ­қықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медаліне, Құрмет грамоталарына ие болды. Сондай-ақ, облыстық ІІД бастығының бұйрығымен 9 полиция қызметкері марапатталды.

Полиция қызметкерлері ара­сында ұйымдастырылған «Ерлік үшін, айбын үшін, даңқ үшін» атты шығармашылық байқауда үздік шыққан Сәтбаев қаласының ішкі істер бөліміне бас жүлде тапсырылды. Осы жылғы сақшылар арасындағы «Алтын дауыс» байқауының бас жүлдесін облыстық ІІД Жол полициясы басқармасының инспекторы Айдын Құлжамбеков жеңіп алды.

Салтанатты жиында 1998 жылдың қараша айында Қарағанды қаласының қант орталығында болған қарақшылық шабуыл дерегі желісімен об­лыстық Ішкі істер департамен­тінің баспасөз қызметі түсірген «Горький сахар» атты көркем фильмнің тұсауы кесілді. Фильмде қызмет бабында қаза болған Нұрлан Байғаскин мен Рустам Мәжитовтың ерлігі баяндалады. Кейіпкерлерді облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі Нұржібек Жансүгірова және ішкі істер саласының қызметкерлері – Қуаныш Медеубаев, Нұрбол Жұмәділов, Павел Жураков, Асанәлі Әкім, Құралай Бекетаева, Анастасия Боревич, Денис Пантелеев, Санат Ибраев, Айжамал Айтжанова сомдаған.

Деректі фильмнің соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Келесі күні қызмет бабында жүріп қаза болған Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасы қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі Нұрлан Байғаскинді еске алуға арналған спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұған қалалық ішкі істер басқармасына қарасты полиция бөлімдерінен 9 команда қатысты. Азаматтың есімін ұмытпай, ұлықтап жүрген тәртіп сақшыларына марқұмның жары Жанаргүл Байғаскина алғысын жеткізді. Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар марапатқа ие болды.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.