Жаңалықтар

Тұрақтылық – бейбітшілік кепілі

Бүгін Мемлекет басшысының үндеуін тыңдадым. 9 маусымда мерзімінен бұрын Президент сайлауы өтетіні белгілі болды. Бұл тарихи оқиғаны өз басым жылы қабылдадым.

Биылғы жыл жалпы еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы өз өкілеттілігін тоқтатты. Мұндай шешім қабылдау екінің бірінің қолынан келмейді. Елбасы қысқа уақыт ішінде қаншама жұмыстар атқарды. Қазақстанды қазір әлем таниды. Ел астанасын Арқа төсіне көшіру, жаңа қала тұрғызу сұңғыла саясаткердің ғана қолынан келетін іс.

Өкілеттілігін тоқтатқан сәттен бастап, ҚР Конституциясында көрсетілгендей Президенттің міндетін уақытша атқару Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді. Біз оны сауатты саясаткер, іскер азамат ретінде жақсы білеміз. Бүгінде өз міндетін жоғары деңгейде атқарып жүр. Аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанның бірнеше өңірін аралап, еліміздің әл-ауқатын арттыру жолында батыл қадамдар да жасап үлгерді. Көңілімз толып, сүйсініп отырамыз.

Ал, енді осы наурыз айында Елбасының тарихи шешімінінен бастау алған тарихи сәттердің жалғасы ретінде Президент сайлауы уақытынан бұрын 9 маусымда өткелі отыр.

Еліміз үшін өте маңызды тарихи оқиға. Барша қазақстандықтардың көңілінде жүрген алаңдаушылыққа нүкте қойып, әрі қарай нық қадам басу – міндетіміз. Нарықтық экономика дәуірінде шетелдік инвестиция құюшылардың да, өтпелі билік жағдайына алаңдауы сөзсіз. Қауқарлы экономикамызды қуатын арттыру мен елдегі бірлікті, тұтастықты сақтау үшін бұл сайлаудың маңызы зор. Өте құптарлық жайт.

Мен Тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматы ретінде осы сайлауға қатысып, лайықты деген үміткерге дауыс беремін. Өйткені, елімнің ертеңіне қатысы бар тарихи оқиға мені бей-жай қалдырмайды. Тұрақтылық бар жерде – бейбітшілік бар.

Оралды ТӨРЕҒОЖИН,

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button