Жаңалықтар

Тұрғындар неге алаң?

   Қарағанды қаласы Тәттімбет көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің құрылысына қатысты тұрғындардың уайым кешуі – жөнсіз. Өйткені, құрылысқа қатысты істің барлығы заң аясында. Заңның беломыртқасын бытырлатып басып, сындырып жатқан компания жоқ. Құрылыс жүргізуге толық негіз бар. Белгіленген тәртіпте құрылысқа рұқсат берілген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асылбек МОЛДАБАЕВ кеше БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Еске сала кетейік, бұл көпқабатты тұрғын үйдің бой көтеруіне сол маңдағы тұрғындар наразылығы жергілікті БАҚ-та  жарық көрген. Осыған орай, өткен баспасөз мәслихатында  құрылыстың заңға келер еш томпақтығы жоқ дейді билік өкілі.

Тілші қауыммен кездескен орынбасар мырза жағдайды баяндады. Үйдің жоспарын да көрсетті. Журналистер тарапынан жолданған сауалдарға жауап берді. Сонымен, Тәттімбет көшесіндегі құрылыста тұрғындарды титықтатқан не? Тұрғындарға бұл үйдің несі тікендей қадалып отыр?

Мәселенің мәнісінен хабар берген орынбасардың айтуынша, Тәттімбет көшесінде  көпқабатты тұрғын үй «Құрылыс-Қарағанды» ҚК ЖШС жеке кәсіпкердің қаражатына тұрғызылады.  Компанияға құрылысқа қажетті рұқсаттық құжаттар 2014 жылы берілген. Тұрғындардың шағымы – негізсіз.

Асылбек МОЛДАБАЕВ, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:

– Қарағанды қаласы әкім­дігінің қаулысына сәйкес, Тәттімбет көшесіндегі жер телімі «Құрылыс» ҚК жеке меншігі болып табылады. Мақсатты пайдаланылуы – көпқабатты тұрғын үй құрылысы. Бүгінде компания ғимараттың жоспарын алды, Қарағанды облысының сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен сәулеттік жобасы келісілді. Жер телімі селитебті (тұрғындық) аймаққа жатады.

Құрылыс жұмыстары құжаттар толық алынған соң басталады деп күтілуде. Құрылыстың мерзімі – 8 ай. Жалпы, құрылыс 2018 жылдың тамызына дейін жоспарланған. Көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер саны 70 шамасында.

Биліктің сөзіне сенсек, тұрғындардың құрылыс кезіндегі қауіпсіздік, шуға қатысты алаңы да бекер. Жедел жәрдем, өзге де қызмет көрсету көліктерінің жолына бөгет болады деу де қисынсыз. Құрылыс компаниясы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін көрінеді. Атап айтқанда, құрылыста іргетас құюда қада қағылмайды, жолақтық іргетастар қойылмақ. Көршілес, не болмаса, сол кешендегі тұрғындардың үйіне, тұрғындарына қауіпсіздік тудырар болса, бұл жоба мемлекеттік сараптаудан өтпейтіндігін айтады әкімнің орынбасары. Оның айтуынша, алаңдайтын дәнеме жоқ. Бәрі заң-зәкүнге сайма-сай. Тіпті, құрылыс компаниясы онда балалар ойнайтын орынды абаттандырып, спорттық алаң салып бермек екен.

Жергілікті билік жаңа тұрғын үйдің қабырғасы қалануы аталған аулаға пайда тигізбесе, зиян келтірмейтініне сенімді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button