Нұрлы жерҰлытау

Тұрғын үйлер иесін күтіп тұр

«Нұрлы жер» бағдарламасымен Ұлытау ауданының орталығы Ұлытау ауылында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Үйің болса, күйің болады» демекші, баспана – басты мәселе. Көпбалалы отбасыларға арналған Жамбыл көшесіндегі көпқабатты 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, ауласын абаттандыруға көшкен. Ал, Тайжан көшесіндегі 8 пәтерлі екі тұрғын үй мен 16 пәтерлі екі тұрғын үй де белгіленген жоспар бойынша, жыл соңына дейін құрылысы аяқталып, өз иелеріне табысталуы тиіс.

Бұл 24 пәтерлі үй де, салынып жатқан басқа тұрғын үйлер жеке кәсіпкердің ақшасына тұрғызылған. Қазір сатып алуға конкурс жарияланыпты. 24 пәтерлі үйді көпбалалы отбасыларға арналған деуімізге себеп, бұл үйдің бір қабатында екі-ақ пәтер орналасқан. Бірі – 3 бөлме, бірі – 4 бөлме. Яғни, бала-шағасы көп әулетке арналып, бірыңғай көпбөлмелі етіп салынған. Қазір барлық құрылыс жұмысы аяқталған. Тек, ішін жуып-шайып, тазалау, ауласын абаттандыру қалып тұр. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесіне қарай пайдалануға беруді көздеп отыр.

– 24 пәтерлі тұрғын үйдің мердігері – «Сарыарқа» ЖШС болса, қалған үйлерді «Бозай» ЖШС салып жатыр. Қазір ауданда пәтер кезегінде 188 адам тұр. Бұл 24 пәтерлі үйдің бір кіреберісінде 3 және 4 бөлмелі 6 пәтер. 4 кіреберістен тұрады. Сметалық бағасын әр пәтердің өз шаршы метріне есептеп шығарады. Ол үшін үйдің орналасқан мекені мен орны да есепке алынады. Әрине, облыс орталығына қарағанда арзан болары анық. Егер, осы 24 пәтерлі үй мен Тайжан көшесіндегі 16 пәтерлі 2 үй мен 8 пәтерлі 2 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 72 отбасы қоныс тойын тойлайды. Осылайша, пәтер кезегінде тұрғандар саны азаяр еді, – дейді Ұлытау аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәурен Тимофей.

Үйдің ішіне кіріп, 3 бөлмелі және 4 бөлмелі пәтерлерді аралап шықтық. Кіреберістердің терезесі пластиктен жабылып, едені кафельденген. Ал, пәтерлер де толық жөндеуден өткен, кіріп орналаса беруге болады. Жылыту қазандығы да дайын. Бір айта кетерлігі, бұл пәтерлер көп балалы отбасыларға сатып алу құқығынсыз ұзақ мерзімге жалға беріледі. Жалдау ақысын үкіметке уақытылы төлеп отырса болғаны. Жалдау құны 7-9 мың теңге шамасында болса, коммуналдық төлеммен қосқанда айына 12-15 мың теңге көлемінде төлеу қажет. Бұл көпбалалы отбасыларға аяққа тұрып, етек-жеңін жинап алуға Үкімет тарапынан жасалып жатқан үлкен мүмкіндік. Қалағаныңша тұра бер. Баласына да қалдыра алады. Тек, сатып алу құқығынсыз. Егер, белгілі уақытқа дейін тұрып, ақша жинап, үй сатып алса, бұл пәтер басқа мұқтаж көпбалалы отбасыға беріледі. Яғни, сатыл майтын пәтерлер – бұл. Дерекке сүйенсек, бұл жүйе дамыған елдердің бәрінде бар. Тиімділігін баяғыда дәлелдеп үлгерген. Тіпті, Америка сынды алпауыт елдерде азаматтар үй сатып алуға қызықпайтын көрінеді. Өйткені, Үкімет осындай үйлерді мол қылып салып тастаған. Қалаған қалаңа бар да жалдап тұра бер, ұзақ мерзімге. Бағасы қолжетімді. Балаңа да қалдыра аласың. Бастысы төлеміне қиналмайсың. Мамандардың айтуынша, үй ауласына ойын алаңдары мен автотұрақ салынып, жиектастар орнатылып, барлық жағдай жасалады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button