Төр иесі – мұғалім
Сыршыл ақын Мағжан ЖҰМАБАЕВ: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген. Бүгінде білім мен инновацияда озық жүрген озат оқушыларды тәрбиелейтін ұстаздың басым бөлігі – Қарағандыда екені даусыз. Сол мұғалімдер өздерінің мерейлі мерекесі қарсаңында Қарағанды қаласы әкімдігі мұрындық болған дәстүрлі «Жыл мұғалімі – 2017» марапаттау салтанатынан табылды.
Байқауға Қарағандының 39 білім беру мекемелерінің 65 педагогы қатысты. Жарыс төрт кезеңнен тұрды. Әсіресе, ұстаздар қауымының портфолио ұсыну, ашық пікірталас жүргізу, ашық сабақ ұйымдастыру жағы ескерілді. Нәтижесінде ақтық сайысқа 8 мұғалім өтті. Оның ішінде атап айтсақ, «Қаланың ең үздік педагогы» атағына №85 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі О.Сибагатуллина, №101 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ж.Ахметов, №17 орта мектептің тарих пәнінің ұстазы Э.Камалов, №93 гимназияның технология пәнінің мұғалімі К.Мұсабекова, №58 орта мектептің математика пәнінің ұстазы Г.Ысқақова, № 39 гимназияның тарих пәні мұғалімі А. Садырбеков, №36 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Г. Қасым, №74 орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Л.Зәрубаева үміткер деп танылды.
Жалпы, байқаудың қалалық кезеңінде қазылар алқасы қатысушылардың кәсіби қасиеттерін ғана емес, сонымен қатар, шығармашылық өнерін қоса бағалады. Ұстаздар сахнада ән айтып, өлең оқып, би билеп, театралды қойылым көрсетті.
Кәсіби мереке қарсаңында «Жыл мұғалімі – 2017» атағына №85 орта мектептің он сегіз жылдық еңбек өтілі бар бастауыш сынып мұғалімі – Ольга Сибагатуллина лайық деп танылды.
Ольга СИБАГАТУЛЛИНА, «Жыл мұғалімі – 2017» атағының иегері:
– Қарағанды өңірінің оқушылары халықаралық, республикалық сайыстарда үнемі жоғары деңгейден көрініп жүр. Осының бәрі біздің облыстағы жан-жақты, ізденімпаз менің әріптестерімнің арқасы. Осы еңбегіміз еленді. Қазіргі таңда білім беру жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілуде. Заман ағымына орай әрдайым уақытпен санаса отырып, ілгері жылжуға тырысамын. Оқушыларымды да осыған тәрбиелеймін. Менің ойымша – мұғалімнің табысты болуы – кәсібіне адалдығынан. Табысқа жетуіне бірден-бір себеп – балаларға және өз мамандығына деген махаббатынан. Оған қоса балаларды отансүйгіштік сезімге тәрбиелеп, еліміздің лайықты азаматы етіп тәрбиелеуінен.
Әлбетте, бұл жарысқа ұзақ дайындалдық. Ізденіп, еңбектендік. Дегенмен, өз есімімді естігенде қуанышымда шек болмады. Қазылар алқасы маған лайықты баға бергеніне қуаныштымын.
Жеңімпаз мұғалімге 200 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді. Ақтық сайысқа шыққан әрбір қатысушы 100 мың теңгелік сертификат иеленді. Салтанатты шарада «Волшебная страна» ансамблі мен Балалар және жасөспірімдер сарайының «Бозторғай» вокал студиясы, № 2 өнер мектебінің ұстаздары мен тәлімгерлері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары өнер көрсетті. Сөйтіп, ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында білім мекемесінің жетекшілеріне, қала мұғалімдеріне және педагогика саласының ардагерлеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда кеншілер шаһарындағы мектептерде 7 мыңнан астам педагог қызмет етеді, оның 200-ден астамы – жас мамандар.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.
Cурет ғаламтордан алынды.