Бас тақырыпҰлытау

Түпкі мақсат – туризмді түлету

Қалың елге қоғамдық қызметімен етене танымал қарағандылық белгілі шебер, «TEFA Eurasiaphoto» шығармашылық бірлестігінің төрағасы, National Geographic Qazaqstan журналы мен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорықмузейінің фотосуретшісі Дмитрий РУГИС өзінің ниеттес серіктерімен бірге Ұлытау тауының қасиетті Әулиетау шыңын қыс маусымында бағындыру бастамасын сәтімен жүзеге асырды.

Биіктікті бағындыру нүктесі ретінде «Ұлытау» қорық-музейінің қадағалау және қорғау аумағындағы Әулиетау шыңының таңдалып алынуы, әрине, бекерден бекер емес. Ұлытау – Қазақстанның географиялық орталығы, ұлт шежіресіндегі аса маңызды оқиғаларды өз басынан өткерген әрі тарихи ескерткіштері мен көне дәуірлердің көзіндей жауһар жәдігерлері аса мол киелі өңір. Сол себепті, бұл жерге жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, туризмді дамыту – алдағы міндеттердің ең өзектісі һәм бірегейі. Осы мақсатта түрлі деңгейдегі атқарушы билік құрылымдары тарапынан орнықты атқарылып жатқан әлеуетті әрекеттер де жетіп артылады. Десек те, шетелдіктерді айтпағанның өзінде, өткені өрнекті өңірдің өнегелі тарихынан қазақстандықтардың басым дені күні бүгінге дейін бейхабар екендігі жасырын емес. Біздің пайымдауымызда, қарлы боран мен қақаған аязға қарамастан жігерлерін жанып, ізгі ниеттерін ілкімді іске асырған азаматтардың Ұлы Дала Ұлытауының Ұлт тарихында алар ешқандай бағалау өлшеміне сыймас орнын дәріптеу бағытындағы қапысыз қимылдары – отаншылдық пен патриоттық ұстанымның үлгісі. Қалаберді, Ұлт бесігінде туризмді түлету шараларына қосылған татымды үлес екендігі анық.

– Халық ұғымындағы киелі шыңға шығу идеясына Ұлытау табиғатының қыс маусымындағы суреттерін көріп, таңдай қаға тамсанған қазақстандық Nomad Explorer саяхатшылар командасының мүшесі Әсет Сейтмағамбетовтің сауалы түрткі болды. Оны «Әулиетауға қалың қар басып жатқан кезде көтерілген жан бар ма?» деген сұрақ мазалаған еді. Кім білсін, бәлкім, бар да шығар… Алайда ол туралы ресми тіркелген деректер, ең бастысы, қыс маусымында шың басынан түсірілген фотосуреттер мен бейнематериалдар мүлдем жоқ болатын. Сол себепті, осы олқылықтың орнын толтыру туралы ой келді. Кез келген іс-шара пікірлестермен тізе қоса әрекет еткенде ғана толымды нәтиже береді. Менің ұсынысымды «TEFA Eurasiaphoto» шығармашылық бірлестігінің мүшесі, саяхатшы-фотограф Тахир Мұхтаров пен Теміртау қаласындағы «Сплав» бұқаралық фотоклубының жетекшісі Сергей Кочмарев құлшына қолдады.

Бұл қадамның түпкі мақсаты – туризмді, оның ішінде, ішкі туризмді түлету. Бұған қоса, биылғы жыл – Жастар жылы. Сондықтан, жас буынды бос уақыттарын тиімді пайдалануға қалыптастыру, батыл әрекеттерге баулу, тың шығармашылық бағытқа бейімдеу, салауатты өмір салтын ұстануға үндеу секілді қажеттіліктерді де ескердік. Жуырда Қарағанды қаласы өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Қалың қарды кешіп, шыңға шыққан болмашы жетістігімізді сүйікті шаһардың мерейлі тойына арнағанды жөн санадық.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Back to top button