Басты тақырыпРуханият

Тұнық ой мен мөлдір сезім тұмасы

   Жуырда «The Ritz-Carlton, Astana» қонақ үйінің «Астана» конференц-залында «Жазушы, өлкетанушы Асан Жұмаділдиннің шығармашылық өмірбаяны» тақырыбымен белгілі жерлес қаламгердің 90 жылдығына арналған ғылыми конференция болып өтті.

Конференцияны ұйымдастырушы – «QAZAQTANU» ғылыми-зерттеу институты. Конференцияға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегерлері: ғалым-жазушылар Алдан Смайыл, Қойшығара Салғараұлы, ақын Несіпбек Айтұлы, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзебекұлы, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Қаржаубай Сартқожаұлы, Серік Негимов, Аманжол Әлтай, саясат ғылымдарының докторы Роза Шекербеқызы, ғалымдар Нұрсан Әлімбай, Дәуренбек Ескекбаев, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлер Ғазым Жарылғапов, Әбілхакім Ақмурзин, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі Серік Оспанов қатысты.

Жазушы Асан Жұмаділдин көбіне ауыл өмірін жазып, өз кейіпкерлерінің арасында тірлік кешкен қаламгер. Жаңаарқа жерінен, Атасу кентінен ұзап шықпай-ақ өндіріс, кеніш, алып құрылыс, ғылым туралы жазған шығармалары да бір төбе. Бертінде заман өзгеріп, заң жаңарған шақта, өтпелі уақытта, қоғам түлеген кезеңде қиюы қашқан сәйкессіздіктер көп кездесіп, сол қиындықтарды бұл кісі де бір адамдай бастан кешірді. «Тоқ тұра ма дәмдіден дәмді іздемей» дейтін уақытқа жететінімізге күдікпен емес, сеніммен қарады. Ол күндердің ұзақ күттірмесін, өйткені базарлы нарыққа барар жолдың сүрлеуі айқындала бастағанын тап басып, бірден аңғарды. Игіліктерді әркім өзі жасап, өзі өндіруге құлшыну керектігін ұқты. Сөйтті де жазу үстеліне отырды, аудандағы небір тың істерге ұйтқы болды. Оған көз көрген замандастары да, балқұрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жас ұрпақ та куә…

Жаңаарқа өңірінің көркем шежіресін жасауға атсалысқан Асан Жұмаділдин 1927 жылы 10 мамырда Ақмола округі Асанқайғы ауданының 5-ауылында (кейіннен С.Сейфуллин атындағы кеңшар атанған) дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында оқуын жалғастыра алмай, бұғанасы қатпаған қалпында вольфрам кенін өндіретін Қызылтау кенішіне тас қазушы болып жұмысқа тұрады. Талапты жас өзі алып үлгерген сегіз жылдық біліммен 1943 жылы Қараағаш ауылдық кеңесіне қарасты Ынталы орталау мектебіне мұғалім болып орналасады. Соғыс біткен жылы аудандық оқу бөліміне қызметке ауысады.

Болашақ жазушының «Жаңаарқа» деген тұңғыш өлеңі 1946 жылы «Советтік Қарағанды» газетіне басылады. Саналы ғұмырының көп бөлігін оқу-ағарту ісіне арнаған Аскең 1948 жылы Қарағандының мұғалімдер институтына түсіп, оның тіл-әдебиет факультетін 1950 жылы айырықша дипломмен бітіреді. Сол жылы Жаңаарқа аудандық оқу бөліміне мектеп инспекторы болып орналасады. 1951 жылы Атасу ұжымшарының Ақтүбек бөлімшесінен ашылған жеті жылдық мектептің тұңғыш директоры болады.

Осы жылдары А. Жұмаділдиннің өлең, әңгіме, очерктері облыстық, аудандық газеттерде жиі жарияланып тұрады. 1953 жылы Жаңаарқа стансасында тұңғыш ашылған Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінің директоры болып тағайындалады. 1960-1964 жылдар аралығында аудандық газетте бөлім меңгерушісі болған ол оқу бөліміне қайыра ауысып, мектеп инспекторы болып 1973 жылға дейін істеген. Одан кейін «Жаңаарқа» газетінің редакциясына ауысып, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

1975 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Өмірінің соңына дейін әдеби-этнографиялық «Өмір» журналының бас редакторы болды. «Өмір» журналы – Жаңаарқадан 1992 жылдан бастап шыққан әдеби-этнографиялық басылым. Журнал Алматыдағы «Кенже-Пресс-Медиа» баспасында басылып тұрды.

А. Жұмаділдиннің жүзге жуық әңгімесі, екі жүзге тарта очеркі, отыздан астам сын-рецензиясы газет-журналдарда жарық көрді. Оннан астам повесть-хикаясының әрқайсысы жеке-жеке кітап болып шықты, олардың қатарында «Келіншек», «Сең бұзылғанда», «Қайырлы сапар», «Құт құбыры», «Жұмысшы әулеті», «Байдалы би», «Битабар балуан», «Инемен қазған құдық» деген туындылары бар. «Жанжал», «Шаққан қажы» повестері, «Біз келгенше», «Белестер бедері» романдары баспалардан жарық көрген. Жазушының бүкіл шығармаларын жинап топтастырса, бәленбай том болар еді. Өстіп өндіртіп жазғанына, әралуан тақырыпқа қалам тербегеніне, шығармашылық қиялының ұшқырлығына қарап, Аскеңді «ауылдың Дюмасы» немесе «дала Дюмасы» деп атағың келіп тұрады.

Аскеңнің 2003 жылы «Кенже-Пресс-Медиа» баспасынан жарық көрген көлемді дерекнама кітабын белгілі ғалым-жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Қойшығара Салғараұлы «Қалай болғанда, салынып жатқан тарих сарайының қабырғасына өз сәнімен, өз мәнімен қаланар сапалы бір кірпіштің өмірге келгені шындық» деп жоғары бағалады. Даласы байтақ, дәстүрлері дархан, тарихы қатпарлы, тағлымы астарлы қазақ елінің нақ ортасынан орын алған шұрайлы да шырайлы өлке – Жаңаарқа өңірі жөнінде энциклопедиялық сипатта жазылған осынау дерекнамалық еңбектен көзіқарақты оқырманның ел мен жердің қасиетті тарихы, ата-баба дәстүрлері, ел бастаған, сөз ұстаған, өнер дарыған ғажайып тұлғалы азаматтар өмірінен мол мағлұмат алғаны анық.

Аскең азамат ретінде көпшілікке сыйлы, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты елгезек жан еді. Соның бір айғағы – менің қаламдас досым, «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты Мағауия Сембайдың «Алаштың алдаспаны» деген кітабындағы мына бір жылы лебізі. «Мағауиннің «Тазының өлімі» деген повесіне республикада ең алғашқы болып ойлы пікір білдірген – біздің газет. Оның авторы – өзіміздің жерлесіміз, жазушы, марқұм Асан Жұмаділдин…» деп, үлкенге ізет білдіре жазады. Сондай құрмет пен ізетті менің де білдіргім келеді. Аскең әкем Қыдырбай Бексейітовпен «Жаңаарқа» аудандық газетінің редакциясында бірге қызмет атқарды, немере ағам ақын Мақсұт Байсейітовпен досжар қарым-қатынаста болды. Менің шығармашылығыма үнемі ыстық ықылас білдіріп, өзі шығарған «Өмір» журналына өлеңдерімді сұратып алып, бастыратын. Майдангер әкем туралы мөлдіретіп бірнеше мақала жазды. Айдарымнан жел есіп жүрген албырт жас кезімде кездескен сайын: «Сенің бойыңдағы өнер жеке меншігің емес, халықтікі, рәсуа ғып шашып алма» – деп, ақыл қосатын.

2004 жылғы 29 наурыз күні Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Асан Жұмаділдин 78 жасқа қараған шағында дүние салғанына, міне, биыл он үш жыл болды. Арнайы берілген асы қабыл болсын, дейміз. Марқұм қазақ тарихының ақтаңдақтары мен айтақырларына рухани нәр жинақтала бастағанына балаша қуанып отырушы еді. Соны жан азығына жарататын оқырмандардан да құралақан еместігімізді шүкіршілік ететін. Ендеше, жазушы Асан Жұмаділдиннің жарқын бейнесі оны білген адамдардың жүрегінде, мыңдаған оқырмандарының жадында ұзақ сақталатыны кәміл.

Сәбит БЕКСЕЙІТ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ТҮРКСОЙ-дың «Ұлы Түрік Қыраны» медалінің

иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button