Руханият

Тұлға тағылымы

2023 жыл – түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Есімі исі түркі жұртына мәлім, «Темір нарком» атанған мемлекет және қоғам қайраткері, қаламы қарымды қаламгердің туғанына 125 жыл толып отыр. Атаулы мерейтой қарсаңында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың оқу залдары бөлімінде қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан бірегей тұлғаның игі істерін дәріптеу мақсатында «Түркі әлемінің мақтанышы» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ол Қазақстанның Тұңғыш ағарту министрі болды. Табандылығының арқасында 1934 жылы Алматыда Қазақстанның және бүкіл Орталық Азияның бірден алты ірі жоғары оқу орындарының құрылысы басталды. Т.Жүргенов – ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Т.Жүргенов Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға көп үлес қосты.

Кітап көрмесінде оқырмандар назарына Т.Жүргеновтің өмірі мен қызметі, әдеби-публицистикалық және ғылыми мұралары, тұлға жайлы әдебиеттер мен тарихи-ғұмырнамалық естеліктер, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар, ғылыми-танымдық конференциялардың материалдары, фотосуреттер мен дәйексөздер ұсынылды.

Атап айтсақ, тарихи тұлғаның өмір жолы, мемлекет қайраткердің адами келбеті, іскерлік қабілеті жан-жақты көрсетілген, елге сіңірген еңбегі туралы қысқаша да тұжырымды баяндалған Ә.Жалдыбаевтың «Қазақстандағы тұңғыш озық мәдениет революциясының бас жасампазы» (Ақтөбе, 2016 ж.) атты танымдық еңбегі мен қазақ өнерінің өсуіне тигізген әсері жайында сыр шерткен Қанабек Байсейітовтің «Құштар көңіл» (Алматы, 2004 ж.) атты кітабы да қойылған.

Т.Жүргеновтің Қазақстан мен Өзбекстанның мұрағаттарындағы әр жылдарда жазған әдеби-публицистикалық шығармалары, баяндамалары, кітаптарынан үзінділер, кітапхана қорында сақталған құнды еңбектері тұңғыш рет түпнұсқа негізінде оқырмандарға Б.Иманғалиевтың құрастыруымен жарық көрген Т.Жүргенов «Шығармалары» (Алматы, 2013 ж.) атты еңбегі ұсынылып отыр.

Қазақстанның білімі мен мәдениетін, әдебиеті мен өнерін өркендетуге ерекше еңбек сіңірген қайраткер, әдебиетші, журналист Темірбек Қараұлының үлгілі өмірі жайлы мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалаларымен де осы жерде таныса аласыз.

Мәдениет журналының 2018 жылғы №11 санында жарияланған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» мақаласында Т.Жүргеновтің қазақ білімі мен өнеріне қосқан сүбелі үлесі туралы көптеген мағлұматқа қанық боласыз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button