Тұлға атындағы турнир
Газетіміздің өткен санында есім-сойы елге етене таныс Балапан ӘБЕНОВ атындағы шағын футбол турнирін толығырақ тарқатамыз деп уәде еткенбіз. Бұл турнирді спорт жаңалықтарын күндіз май шаммен іздеп жүріп оқитын оқырмандарымыз үшін таныстыру әрине, артықтау. Өйткені, жылда жалауы желбіреп, алауы тұтанған облыстық біріншілік. Биыл үшінші мәрте дүбірлеуде. Демек, дәстүрге айналған деген сөз. Иә, Балапан ағаны көпшілік заң, прокуратура, мемлекеттік қызметтің көрнекті қайраткері ретінде таныса, нағыз спорттың жанашыры екенін екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Несін айтамыз, көзі тірісінде көптеген дүбірлі додалардың басы-қасынан табылған арда азамат еді. Енді, өзінің есімі ұлықталуда.
ӘЛҚИССА
«Жастар» спорт кешенінің есігінен енген бойда Балапан ағаның бейнесі көзімізге оттай басылды. Нұрлы жүзі, келісті келбеті, бар болмысы сағымға айналса да, турнирге келгендерді ықыласпен қарсы алып тұрғандай сезілді маған. Иә, абыройы атан түйеге жүк болатын азаматтың достары, үзеңгілестері, аға-бауырлары және сыйластары ортадан табылды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев турнирді салтанатты түрде ашып беріп, Балапан ағаның атын ұлықтауда үлгі боларлық іс атқарып жүрген жақындарына ілтипатын:
– Балапан Әбеновтің өмір жолы еңбекқорлық пен қоғамға қызмет ете білудің жарқын үлгісі іспетті. Сондықтан, бұл шара айтулы азаматтың есімін әйгілеп қана қоймай, облыстың спорт саласында да ойып тұрып орын алатын бәсеке боларына сенімдімін. Оның үстіне биыл үшінші рет өтуде. Өз кезегімде, ашық біріншілікті ұйымдастырушыларға, жастарды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын ұстануға елеулі үлес қосып, белсенділік танытып отырған Балапан Зипатоллаұлының туғандарына, аяулы жары Бота Өмірзаққызына алғысымды білдіремін, – деп білдірген болатын.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова да сөз сөйлеп, жарыстың мақсатын:
– Бүгін біз есте қаларлық елеулі шарада бас қосып отырмыз. Өз кезегімде, сапқа тізілген жас спортшыларға назар аударсам деймін. Бұл доп додасының мәні мен мазмұнын ең алдымен Сіздер ұғына білулеріңіз қажет. Кезекті ойын, тағы бір тартыс деп қана қарамаңыздар. Айтулы азамат атындағы аламан – бұл. Ертеңгі күні Сіздер де осындай биікке ұмтылсаңыздар, елге еңбегі сіңген тұлға болып, көк туымызды көкте желбіретсеңіздер деймін. Бұл ашық біріншіліктің түпкі мақсаты да – осы! Балапан Әбенов есімін жас буынға, ертеңгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету, – деп айшықтап берген-тін…
ЖАРЫС ЖОЛЫНДА
Шағын футбол 2008-2009 жылы дүниеге келген 200-ден астам жасөспірімдер арасында өтті. Яғни, әр аудан, қалалардан 16 команда бақтарын сынады. Доп додасы бес күнге созылды. «Болашақ өрендеріміздің қарқыны қуантады». Бұл турнирдің бас төрешісінің сөзі. Өздеріңізде сараптап отырған боларсыздар, жасөспірімдердің басы бірігіп, жарыс жолында тер төкпегендеріне екі жылдан аса уақыт өткенін. Оның себебі біреу ғана. Әрине, пандемия салдары. Әйтпесе, биыл бесінші мәрте турнир жалауы желбірер еді. Демек, дүбірлі додада жан-жақтан жиналған балалар бой жазып қалды. Бұның алдында өткен турнир қорытындысын естеріңізге сала кетейік. Екі күнге созылған аладоп аламанында жүлделі I орын қарағандылық «Жастар» командасына, II орын Балқаш қаласының құрамасына, ал, III орын Сараннан келген саңлақтарға бұйырған еді. Өкінішке орай, аудан спортшыларының бағы жана қоймаған. Турнирдің бас төрешісі болып бекіген облыстық олимпиадалық резервтегі жастар спорт мектебінің басшысы, I санаттағы төреші Балғабай Елеусізұлынан саңлақтарымыздың аяқ алысы жайлы сұраған едік. «Шынымен, балалар жарыс алаңында тартысты өнер көрсетуде. Үлкен доданы сағынғандарын байқатты. Бар күштерін салуда. Іріктеуге төрт команда өтті. Мұның алдында ұйымдастырылған жарыста қаланың спортшылары жүлде бере қоймайтын. Биыл Жаңаарқа және Абай ауданы финалға ілікті. Негізі бұған дейін де, бүгінгі күні де Бұқар жырау мен Жаңаарқа аудандары жасөспірімдер арасындағы футбол жақсы дамыған. Сондай-ақ, финалда Саран, Қарағанды қалалары мен Шахан кентінің командалары финалда бақ сынамақ», – деді бас төреші.
«Жалпы, Балапан ағамыз секілді елге еңбегі сіңген тұлғалардың атын ұлықтау мақсатында спорттық шараларды жиі ұйымдастырсақ» дейді бас төреші. Өйткені, бұқаралық спортты дамыту – басты назарда. Әсіресе, балалардың футболға деген әуесқойлығы қуантатынын айтады. Иә, бұл өрендеріміз ертең жарқ етіп, доп додасын өрге сүйремесіне кім кепіл?
ТУРНИР ТҮЙІНДЕЛДІ
Турнирдің салтанатты жабылу рәсіміне де арнайы бардық. Турнирдің түйінделер сәті. Сапқа тізілген командалар. Жас балалардың жүзіне қарап едік, үлкен қуанышты аңғардық. Бәрі тұтас бір команда құрамына бекігендей берік негіздерін көрдік. Бес күн ішінде біріне-бірі қарсылас болса да, аралас-құралас болып кеткен. Жарасымды-ақ. Сыртынан қарап сүйсінесіз. Бұл жолғы турнирде Саран қаласының командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, II орынға Абай ауданының «Жігер» командасы табан тіреді. III орынды Қарағанды қаласының «Жастар» командасы қанжығалады. Сондай-ақ, турнир кезінде тамаша өнер көрсеткен өрендеріміз де қошеметсіз емес. «Үздік шабуылшы» атанған Темір Рысқиевке, «Үздік қақпашы» Федор Бойкоға, «Үздік қорғаушы» деп танылған Рамазан Кокишевке 30 000 теңге ақшалай сыйлық берілді. Және жеңімпаз командаларға демеушілердің қолдауымен қомақты қаржылай сыйлықтар мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кубок және грамоталары қоса берілді. Тұлға атындағы турнирдің жабылу рәсімінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын және Балапан марқұмның ұстазы Нұрсахан Бейсенбекова сөз алып, турнирді тартымды өтуіне атсалысқан барлық азаматтарға алғысын жаудырды.
– Кейінгі бес күн аралығында біз небір тартысты ойындардың куәсі болдық. Әрине, мұның барлығы Балапан Әбеновтің есімін елге жеткізуге, еткен еңбегін есте сақтауға арналды десек, артық айтқанымыз емес. Балапан Әбеновтің жарқын бейнесі, ілтипатты ісі, әрі аға, әрі ақылшы болған ерекше қасиеті күні бүгінге дейін көз алдымызда. Турнирді ұтымды ұйымдастырған баршаңызға үлкен алғысымды білдіремін. Марқұмның рухы шат болсын, – деп турнирді түйіндеді Ерлан Бейсембайұлы.
Иә, шараның сәтті түйінделгеніне көңіліміз тоғайған күйі Ерғазы Қадашұлы екеуміз редакцияны бетке алдық. Жолда Балапан ағамыз жайлы мынадай естелігімен бөлісті. «Балапан Зипатоллаұлының заңгер ретіндегі әділдігін дәлелдеу үшін мына бір мысал жетіп жатыр. Балапан қайтыс болған күні қонақасына сойыс мал іздеп Топар кентіне бардық. Мал иесі – орыс халқының өкілі. Саудаласып, бағасына келіскен соң, мал иесі қайтыс болған Балапан екенін білгенде, «апыр-ай, Балапан Зипатоллаұлы бұрынғы Мичурин ауданының халқы үшін шын мәніндегі аңыз адам ғой. Ол кісінің қара қылды қақ жарған әділдігіне әлі күнге тәнтіміз, – деп, жанарына жас үйірген еді». Иә, Балапан ағамыздың артындағы ізгілікті із – бұл.
Сол сәтте мен Ерғазы ағаның көзінен бауырға деген сағынышты көрдім, ал, турнирдің басы-қасында болып, ұйымдастырып жүрген ісінен ініге деген адалдықты айқын аңғардым. Бұйырса, келесі жылы турнир республикалық деңгейде өтпек. Жүлде қоры да қомақтыланады. Бұл қуанышымен де Ерғазы Қадашұлы бөлісті.
Балапан ағамыздың есімі Арқа төсінде осылай ұлықталды. Лайық-ақ!.
Қасымхан ҒАЛЫМ.