Жаңалықтар

Игілік болар кен байлық

Жер қойнауындағы қазына өздігінен халықтың дәулетіне айналмайды. Оған инвестиция, озық технология, өндірістік қуат қажет. Ең бастысы, сол байлықтың игілігін ел көруі тиіс. Егемендіктің экономикалық мәні де осында. Мемлекет өз табиғи ресурстарын игерудің бағытын айқындап, өндірісін өркендетуге мүмкіндік алды. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Тесіктас кен орнында жүзеге асырылып жатқан құны 100 миллиард теңгелік жоба осы мүмкіндіктің нақты көрінісі. Мұнда жылына 45 мың тонна мыс концентратын өндіретін кәсіпорын салынуда. Алғашқы кезеңі биыл іске қосылуы жоспарланған өндіріс 265 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Сөйтіп, Сарыарқаның жер астындағы байлығы ел экономикасына жаңа қуат қосады.

Сурет облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының баспасөз қызметінен

Қарағанды облысы – Қазақстанның индустриялық тіректерінің бірі. Көмірі мен металы ел өнеркәсібінің қалыптасуына негіз болған өңірде бүгінде жаңа өндірістерге жол ашылып жатыр. Бұл ретте жер қойнауындағы шикізатты игерумен шектелмей, оны өңдеуге бағытталған кәсіпорындарды дамытуға басымдық берілуде. Солардың бірі – Ақтоғай ауданындағы Тесіктас мыс кен орнын игеру жобасы. «BMT Holding Limited» жеке компаниясы құйған инвестиция көлемі – 100 миллиард теңге. Кәсіпорын кен өндірумен қатар, құрамында мыс бар шикізатты өңдеп, концентрат шығаруға маманданбақ.

Алғашқы кезеңде жылына 45 мың тонна мыс концентратын өндіру көзделген. Өндірісті іске қосу 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланып отыр. Екінші кезең 2029 жылы жүзеге асырылып, кәсіпорынның жылдық қуаты 54 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Яғни, жоба бір кәсіпорынды іске қосумен шектелмейді, оның өндірістік әлеуетін біртіндеп арттыру да көзделген.

Әлбетте, кез келген инвестициялық жобаның өңір үшін маңызы салынған қаржының көлемімен ғана өлшенбейді. Оның жергілікті халықтың тұрмысына, еңбек нарығына, аудан экономикасына беретін нақты қайтарымы болуы қажет. Тесіктас кен орнындағы өндіріс іске қосылғанда 265 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл – Ақтоғай ауданы мен оған жақын елдімекен тұрғындары үшін қосымша еңбек мүмкіндігі.

Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов жобаның маңызын тек өндіріс көлемімен бағалауға болмайтынын атап көрсетеді.

– Біз үшін инвестицияның көлемі ғана емес, оның өңір экономикасына беретін нақты қайтарымы маңызды. Кәсіпорын іске қосылғанда 265 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, өндірістің дамуы жергілікті мердігерлік ұйымдарға, көлік және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындарға қосымша мүмкіндіктер туғызады. Мұндай жобалар ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, экономикалық белсенділіктің өсуіне де ықпал етеді, – дейді Әлібек Рысбайұлы.

Жаңа кәсіпорынға өндірістік жабдықтарды басқаратын мамандар, технологиялық үдерістерді қадағалайтын қызметкерлер және инженерлік-техникалық кадрлар қажет болады. Жұмыс орындарының нақты кәсіби құрамы кәсіпорынның өндірістік қажеттілігіне қарай айқындалмақ.

Бұдан бөлек, өндіріс құрылысы мен кейінгі жұмысы мердігерлік ұйымдарға, көлік компанияларына, жабдық пен құрылыс материалдарын жеткізушілерге сұраныс қалыптастыруы мүмкін. Демек, инвестицияның ықпалы бір кәсіпорынның шеңберімен шектелмейді. Әсіресе, аудан экономикасы үшін мұның мәні зор. Өндірістік нысанның пайда болуы қызмет көрсету саласының кеңеюіне, жергілікті кәсіпкерліктің жаңа тапсырыстар алуына және болашақта салық түсімдерінің артуына алғышарт жасайды.

Әзірге бұл – жобаның күтілетін нәтижелері. Олардың нақты көлемі кәсіпорын іске қосылып, жоспарланған қуатына шыққаннан кейін белгілі болады.

Тесіктас жобасының тағы бір ерекшелігі – өнім өткізу нарығының географиясы. Өндірілетін мыс концентратын Қазақстанның ішкі нарығына, сондай-ақ, Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне жеткізу көзделген. Бұл кәсіпорынның экспорттық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрі жер қойнауынан алынған шикізат кен байыту фабрикасында өңделіп, концентрат түрінде нарыққа ұсынылады. Мұның өзі өңірде қосымша өндірістік қуат қалыптастыруға бағытталған қадам.

Қарағанды облысының экономикасы үшін мұндай жобалардың маңызы ерекше. Өнеркәсіптің дәстүрлі салалары сақталғанымен, жаңа кәсіпорындарсыз өндіріс көлемін ұлғайту, технологиялық жаңару және бәсекеге қабілеттілікті арттыру қиын. Ал, Ақтоғай ауданындағы бастама осы міндеттерді шешуге бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі болып отыр.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан табиғи ресурстарды игеру ісінде дербес инвестициялық саясат жүргізіп келеді. Жер қойнауын зерттеу, өндіріс орындарын ашу, шетелдік және отандық капитал тарту, өнімді сыртқы нарыққа шығару – ел экономикасының маңызды бағыттарына айналды. Тесіктас кен орнындағы жоба да осы экономикалық мүмкіндіктер аясында жүзеге асырылуда.

Салтанат ІЛИЯШ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button