Бас тақырыпЖаңалықтар

Мысқа тамған маңдай тер

Қазақстанның азат жылдардағы аршынды дамуын қарапайым еңбек адамынан бөле-жара, жеке-дара қарау мүмкін емес. Ел экономикасындағы ауыз толтырып айтар ауқымды жобаларды тиянақты іске асырып, игілікке айналдыруда шелектеп маңдай тер төккен осындай адал еңбектің адал азаматтарын айналып өту әбестік болар. Олардың өмір жолы – өнеге, елдің өркендеуіне қосылған қомақты үлес. Теңізге тамған тамшыдай көрінгенімен, тамшының да тас жаратыны ұмытылмайды.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан.

Алтын, күміспен бірге, әлем жұртының мысын басқан мыс металын өндірушілер мен балқытушылар қатарында қасқайып, қырық жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқан Жеңіс Ахметхановтың есімі де осы мерекеде ерекше аталуы тиіс. Толқымалы жылдардың қиындығын, өндірістің ыстығы мен суығын да бастан өткерді. Заман өзгеріп, уақыт алмасса да, таңдаған кәсібіне адалдықтан айныған жоқ.

1988 жылы әскери борышын өтеп оралған соң Балқаштағы кәсіптік училищеге оқуға түседі. Білімін тәмамдағаннан кейін, 1989 жылы қаладағы түсті металдарды өңдеу зауытына конверторшы болып жұмысқа орналасып, еңбек жолын осы жерден бастайды. Сол жылы шаңырақ көтеріп, өз алдына отбасын да құрады. Кейін өзі еңбек еткен цех жабылып қалып, 1993 жылы мыс балқыту цехына жібереді. Өндірістің ауыр жұмысына қарамастан, күні бүгінге дейін осы цехта адал еңбек етіп, берекелі тіршілігін жалғастырып келеді.

– Жұмысқа алғаш орналасқан жылдары бойымда қорқыныш болды. Зауытқа келгенімде: «Білегің жуан екен, конвертор цехына барасың» деді. Шынымды айтсам, ол кезде конвертор цехының не екенін де білмеймін. «Жұмысы ауыр емес пе?» деп қайта-қайта сұрай бергенмін. Сөйтіп, еңбек жолым сол цехтан басталды. Ол кезде небәрі 21 жаста едім. Жастық жігермен жұмысқа кірісіп кеттік. Бірақ, ол кезеңнің өз қиындығы болды. Айлығымызды бірде алсақ, бірде ала алмайтынбыз. Жалақы берілмеген кезде ақшаның орнына киім-кешек, азық-түлік алған кездеріміз аз емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін де жағдай бірден түзеле қойған жоқ. Тек, 1995 жылдан бастап, ахуал біртіндеп тұрақталып, айлығымызды уақытылы ала бастадық. Еңбек адамы ретінде Тәуелсіздіктің игілігін сол кезеңдері сезіне бастадық, – деді Жеңіс Кәрбозұлы.

Содан бері Жеңіс Кәрбозұлының еңбек жолы осы зауытпен біте қайнасып келеді. Маңдай тері мысқа сіңіп, ғұмырының тең жартысы өндіріс орнында өтті. Адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2018 жылы зауыттың 80 жылдық мерейтойына орай оған автокөлік табысталған. Ал, 2024 жылы «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды.

– Жұмысқа алғаш қабылданғанда төртінші разрядты маман болып кіргенмін. Кейін 12 жыл бригадир болдым. Қазір жастарға жол беріп, өзім аға конверторшы болып еңбек етіп жүрмін. Жинаған тәжірибемізді кейінгі буынға үйретіп, білгенімізбен бөлісіп келеміз. Жолдасым да осы зауыттың күкірт қышқылы цехында табан аудармай 37 жыл еңбек етіп келеді. Екеуміздің де еңбек жолымыз осы өндіріс орнымен тығыз байланысты, – деді Жеңіс Ахметханов.

Бүгінде Жеңіс Кәрбозұлы мен зайыбы бір ұл, екі қыз өсіріп, олардан немере сүйген бақытты отбасы. Өндірістің ыстығы мен суығына төзіп, маңдай терімен нәпақасын тауып, адал еңбектің қадірін біліп келеді. «Бұдан асқан бақыт жоқ» дейді еңбек адамы.

Расында, ұрпағының қызығын көріп, отбасының амандығын сезініп, адал еңбегінің жемісін татудан асқан бақыт бар ма?!

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button