Қарағандыда Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті
Республика күні – елдігіміздің еңсесін, тәуелсіздігіміздің тұғырын айшықтайтын айрықша мереке. Егемендік жылдарында Сарыарқаның сайын даласында орналасқан кеншілер өлкесі жаңа белестерді бағындырып, Қарағандының өндірістік әлеуеті артып, өңірдің экономикалық және әлеуметтік келбеті жаңарды. Қара алтынның отаны атанған аймақ бүгінде өндірісі өркендеген, еңбек адамдарының қажыр-қайратымен толысқан өлке ретінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Осы орайда Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, басшысы Тәуелсіздіктің 35 жылдығы ел тарихындағы елеулі белес екенін атап өтіп, мемлекеттілікті нығайту, ел бірлігін бекемдеу және ұлттық мүддені бәрінен биік қоюдың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, өңірдің бүгінгі жетістіктері аға буынның қажырлы еңбегі мен табандылығының нәтижесі екенін айтып, ел дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

– Жыл басынан бері облыста 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Ал 2030 жылға дейін 17 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 100-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Біз өндірісті жаңғыртуға, шикізатты терең өңдеуге, жергілікті кәсіпорындар арасындағы кооперацияны дамытуға және жаңа мамандар даярлауға басымдық береміз. Бүгінде телемедицина 117 ауылдық елді мекенді қамтып отыр. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың туған өлкесінде еңбек етіп, кәсіп ашып, бала өсіріп, болашаққа сеніммен қарауына жағдай жасау, – деді аймақ басшысы.

Аймақты дамытудың негізгі бағыттарының бірі – шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығаруды ұлғайту. Қазірдің өзінде Теміртауда өндірілген Qarmet болатынан Сарандағы QazTehna зауытында автобус шанақтарының бөлшектері жасалады. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпорындар арасындағы кооперацияны кеңейтіп, Теміртау мен Балқаштағы өндірістерді жаңғырту, Балқаш қаласы, Ақтоғай және Шет аудандарында металдардыөндіру мен өңдеу жобаларын жүзеге асыру көзделген.

Жаңа өндірістерді білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін кәсіпорындар, колледждер мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, «Қартех» хабының әлеуетін пайдалану және отандық технологияларды дамыту жоспарланып отыр. Әлеуметтік салада да тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға басымдық беріледі. Бүгінде телемедицина 117 ауылдық елді мекенді қамтып, тұрғындарға облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті медициналық ұйымдарда облыстық аурухана мамандарынан кеңес алуға мүмкіндік беріп отыр.

Мерекелік жиында аймақтың дамуына, елдің қоғамдық, мәдени және экономикалық өміріне үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 20 қазандағы №1534 Жарлығына сәйкес, облыстық полиция департаментінің бастығы Бағдат Кәкімов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Байғара Сәдуақасов «Парасат» орденімен марапатталды.

«Құрмет» орденін «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС директоры Алтай Елжасов, кітапхана ісінің ардагері Сүлеймен Жұмабеков, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі Шайза Нукина, Т.Күзембаев атындағы шахтаның директоры өкілі Сергей Потемкин және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры Савет Сағынтаев иеленді. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен Нұра ауданындағы «Айтилеуов» шаруа қожалығының директоры Таубажан Айтилеуов пен «Акнар ПФ» ЖШС технологы Игорь Киврин марапатталды.

Ал, «Ерен еңбегі үшін» медалі түрлі салада еңбек етіп жүрген 18 азаматқа табысталды. «Шапағат» медалімен «Batyl Jureq» қайырымдылық қорының жоба жетекшісі Гауһар Акижанова мен Қарағанды қаласындағы №3 көпсалалы аурухана бөлімшесінің меңгерушісі Ерғали Шауенов марапатталды. Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі Нұржібек Жансүгіроваға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

«Парасат» орденінің иегері Байғара Сәдуақасов саналы ғұмырының қырық жылға жуық уақытын өнер саласына арнаған. 1986 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны тәмамдаған ол содан бері қазақ өнеріне қызмет етіп келеді.
– Бүгін сол еңбегім еленіп, «Парасат» орденімен марапатталып жатқаным мен үшін зор қуаныш әрі үлкен мәртебе. Мұндай құрмет әр өнер адамына ерекше жігер беріп, шығармашылық жауапкершілігін арттыра түседі. Еңбегімді бағаланғанына қуаныштымын. Еліміздің еңсесі биік, өнеріміздің өрісі кең болсын! – деді Байғара Сәдуақасов.

«Құрмет» орденімен марапатталған Сергей Потемкин де саналы ғұмырын көмір өнеркәсібіне арнаған тәжірибелі маман. Ол еңбек жолын Күзембаев атындағы шахтада желдету учаскесінің тау-кен шебері болып бастап, осы кәсіпорында 38 жыл бойы қызмет еткен.

– Кеншілік – аса күрделі әрі жауапты кәсіп. Әсіресе, жер астында еңбек ететін әрбір адамның өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беру үлкен міндет жүктейді. Осы саланы таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Қазір көмір өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Шахталарға білікті мамандар, еңбекқор жастар қажет. Сондықтан, жас буынды осы кәсіпті меңгеріп, өндіріс саласына келуге шақырамын, – деді Сергей Потемкин.

Мерекелік кештің соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



