Жаңалықтар

Түгіскеннің түлегі

Ғалым  ЖАЙЛЫБАЙ

 1958 жылы 9 ақпанда Қа­ра­ғанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жеңіс ауылында туған. Ұзақ жыл ауылда шо­пан, жылқышы болып жұмыс істеген. Аудандық, облыстық басылымдарда қызметте бол­ған. 1993 жылы Қазақтың ме­неджмент, экономика жә­не болжау институтын әлеу­мет­танушы мамандығы бойын­ша бітір­ген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министр­лігінде, түрлі басылымдарда қызмет атқарған. “Жұлдыз” журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газеті Бас редакторының орынбасары, «Қазақ радиосының» Бас редакторы болып қызмет еткен. 2007 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары.

“Жанымның жапырақтары” (1988), “Жүрегімнің жұлдызы” (1996), “Құс қанаты” (2001), «Қарашығымдағы қара өлең» (2006), «Ардакүрең», (2008), «Ақ сиса», «Белый ситец» (2012), «Қара орамал», «Черный платок» (2014), «Бір тал үкі (2014), «Тобылғыжарған» (2014), «Тамакөшкен» (2016), «Есіл ағады» (2016)  атты жыр кітаптарының, «Тағдырымның тамыры» (2008) әдеби мақалалар жинағының авторы. Таңдамалы шығармаларының үш томдығы «Фолиант» баспасымен 2014 жылы жарық көрген. Өлеңдері ағылшын, орыс, украин, беларусь, түрік, қырғыз, татар тағы басқа халықтар тілдеріне аударылған. Қытай Халық Республикасының Күйтің қаласынан шыққан қазақ ақындарының “Сүмбіле” атты жыр жинағына өлеңдері енген. Бежіндегі «Ұлттар» баспасынан бір томдық еңбегі жарық көрген.

Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты (1999). «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 10 жыл», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Тәуелсіздікке 25 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақ ақындары жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы. Түркияның Сапанша қаласында өткен (2001) халықаралық жыр мерекесінде “Ақшам жұлдызы” арнайы сыйлығын иеленген. Ресей Халықаралық Жазушылар ұйымының С.Есенин атындағы алтын медалінің иегері (2009). Абай атындағы Ұлт сыйлығының лауреаты (2015) «Құрмет» орденінің иегері (2010). Швецияның «Стокгольм» қаласында өткен «Open Eurazia» әлемдік ашық әдеби конкурсының поэзия аталымы бойынша лауреаты (2017). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2016). Баянауыл және Жаңаарқа аудандарының құрметті азаматы.

 

Түгіскен – ақын Ғалым Жайлыбайдың кіндік қаны тамған жері. Жазиралы Жаңаарқаның бірлігі бекем, ынтымағы ырысты, шаруасы шалқыған ауылдарының бірі. Ауыл атауының түп-төркіні «Түгі өскен» болса керек, түлігі мыңғырып, түлегі қыран шыққан ажарлы ауыл. Арап қырдың етегінде, Сарысудың сағасы, Сөртінің жағасында осыдан тура 60 жыл бұрын Жайлыбай ақсақалдың шаңырағына Қызыр қонақтап, Ақторсық анамыз жай ғана өренге емес, өлеңге толғатқан-ды. Ақырған ақпанның ақ бораны басыла қалып, Талдыеспеден ескен еспе жел Түгіскен ауылын түрлендіріп жіберген. Жайлыбайдың жалғасы туғанын білген жұрт Алаштың аймаңдай ақыны туғанын білді ме екен сол күні?! Алатаудың мұзбалағы Мұқағали ақынның даңқы аспандай қоймаған кез. Әйтпесе, шілдеханаға жиналған жұрт «Мұқағалидың туған күнінде дүние қақпасынан енген бала тегін болмас. Ақын болсын!» деп, ағынан жарылар ма еді?! «Ақын болсын» деген тілек айтылған да шығар, бәлкім…

Жалпы, Жаңаарқа топырағында туып, ұлт руханиятына қызмет еткен жерлестеріміз аз емес. Сайдалы Сары Тоқадан қалған күй күмбезі Пазыл Тұтқабеков, Мұханбетжан Тілеуханов, Ахат Байбосынов болып жалғасса, сұңқар Сәкеннің өзі неге тұрады?! Ісләм Жарылғапов бастаған сөз зергерлері Хамит Жаманов, Асан Жұмаділдин, Сайлаухан Нәкенов, Ақселеу Сейдімбек, Хамит Дәрібаев, Қалиакпар Әбілдин болып керуен тартса, Игілік Омаров, Көлмағанбет Нұрмағанбетов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухан, Айтбек Нығызбаев, Биғазы Тұтқабеков сынды ән дүлдүлдері қазақ елін ән бесігіне бөледі. Әйгілі Битабардан ағайынды Жарылғаповтар мен Байшолақовтарға дейінгі спортшыларымыз Арқа абыройын алты құрлыққа жеткізді. Осынау ұлы көштің жуан ортасында Ғалым Жайлыбайдың жасындай жарқылдаған жақұт жыры төгіледі кәу­сардай болып.

Жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бү­гінгі қазақ поэзиясының ардакүреңі атанған Ғалым Жайлыбай – Жаңаарқа жұртының мақтанышы. Туған ауылында жылқышы болып еңбек жолын бастаған Ғалекеңнің білегінде – құрық, жүрегінде – жыр еді.

Өзінің:

– Қай жақта? – деп сұрайсың.

Ауылым ба?

Біздің ауыл – Сарыарқа сауырында.

Сүйем оның жауынын,  дауылын да,

Сонда – менің анам да, бауырым да, – деп жырлайтын Сарыарқа сауырындағы, Жаңаарқа жазығындағы ауылына деген ыстық махаббаты сол жылқы соңындағы күндерде оянып, түндерде түлеген болса керек. Жалпы, әдебиет сыншылары Ғалым Жайлыбай шығармашылығы жайында сөз қозғай қалса, ақын жырларынан дала әуендерін, Сарыарқа самалын, тобылғы мен жусан иісін аңғаратындарын жазып жатады. Ендеше, ақынды ақын қылатын туған жерінің көркем табиғаты екенін Ғалым ақынның өлең-тағдыры арқылы дәлелдеуге болады. Ендеше, ақ дидарлы Арқаның ақ самалын, Арқада ғана өсетін жусан мен тобылғының жұпарын асқаралы  Алатауға алып барған ақын – Ғалым Жайлыбай!

Жүрегіне жыр сыйлап, тұла бойына нұр сіңірген Жаңаарқасына Ғалекең қарыздар болып жүрген жоқ. Әдебиет әлеміндегі, поэзия патшалығындағы жетістіктерімен Жаңаарқа топырағының мерейін тасытып келеді. Елде өтіп жатқан ірілі-ұсақты шаралардан қалыс қалған кезі жоқ. 2009 жылы Жаңаарқа ауданының 80 жылдығы мен сұңқар Сәкеннің 115 жылдығында республикалық жыр додасының (республикалық мүшәйра) жалауын Жаңаарқа төрінде желбіреткенін қалай ұмытамыз?! Абыз даланың қобыз кеуделі тұлғасы, руханият жоқшысы Алаштың Ақселеуі дүниеден озып, Жаңаарқа жабырқап, қараорман қамығып тұрғанда да ел ішінен табылып, Жаңаарқасын жырымен жұбатқан да Жайлыбайдың Ғалымы болатын.

Шығармашылық жолдағы қызметін «Жаңаарқа» аудандық газетінде тілші болып бастап, Ұлт Руханиятының Алтын ордасы  Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары деңгейіне дейін көтерілу – ақындық қуаты мен азаматтық ұстанымы қабысқан тұлғаның ғана қолынан келер дүние. Арасында кезіндегі Жезқазған облысының «Жезқазған туы» газетінде, одан кейін республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» басылымдарында, «Қазақ радиосында» жауапты қызметтер атқарып, туған елдің мейманасын тасытты.

Ғалым ақынның ақ самал жырлары әлемнің ондаған тіліне аударылып, Әлем әдебиеті жауһарларының қатарын толықтырды. Әлемдік, халықаралық деңгейдегі жыр бәйгелерінде бірнеше рет жеңімпаз атанып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Түркияның Сапанша қаласында өткен халықаралық жыр мерекесінде «Ақшам жұлдызы» арнайы сыйлығының, Ресей Халық­аралық Жазушылар ұйымының С.Есе­нин атындағы алтын медалінің иегері,  Абай атындағы Ұлт сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Өткен жылы ғана Швецияның Стокгольм қаласында өткен «Open Eurazia» атты әлемдік деңгейдегі ашық бәйгеде 1600-ден астам ақынның арасында лауреат болды. Сондай-ақ, Ғалекең – Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы.

Осының барлығы – ақын үшін абырой, ел үшін мерей!

Сөз соңында ел мақтанышына айналған Ғалым Жайлыбай жерле­сімізді асқаралы алпыс жасымен құттықтап, шығармашылық қуаты арта берсін деген ел тілегін жеткізгіміз ке­леді. Абырой асқақ, қалам қуатты болсын, Ғалеке!

Жаңаарқа жұртшылығы атынан

Хамзе СӘТЖАНОВ,

Ғалым ТӨТЕЕВ,

Ғабдрахман ОМАРОВ,

Юржан БЕКХОЖИН,

Қуат ИМАНТҮСІПОВ.

Ардакүрең

Арқадан алты Алашқа:

-Ар ма! – деген.

(Жапқандай салтанаты

нарға кілем).

Кетпендей тұяқтары жер қопарып,

Арда емген қара өлеңді Ардакүрең.

Қара үзіп топтан озса қара барқын,

Жауының қара шашы ағаратын.

Маңдайы мәре қиып өткен сайын

Қара өлең қайта-қайта жаңаратын.

 

Арда емген Ардакүрең  қара өлеңді,

Тамсантқан талай мәрте тәмам елді.

Ішінде бір биік бар, бір күйік бар,

Сарнатқан сыбызғыдай саналы ерді.

 

Әргі атаң Қуандықтан  бата алғасын,

Кездіктей қап түбінде жата алмасым.

Ал, құйғыт, тағы да бір жас парлатып,

Я күйер, я сүйінер қатарласың.

Тосқауыл қоя алмайсың

намысты ұлға,

Бағын көр, бәйгесін бер

жарыстыр да.

…Ноқтаға басы сыймас арғымақты,

Ей, қоғам ауыздықпен

алыстырма!

Маралтай Райымбекұлы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button