Жаңалықтар

Құтқарушылар қырағылық танытты

Биылғы ауа райы қысқа күнде қырық құбылып, тосын мінез танытып тұр. Қыс аяғындағы жылымық күнді кенет алмастырып келген бұрқасын жолды жауып, көлік байланысын тоқтатып тастады.


Қазір облыстағы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері өзендердің тасуына қарсы алдын алу шараларын жол полициясымен бірлесіп жүргізуде. Облыстағы күре жолдарды қардан аршу жұмыстарын атқаруда. Арқадағы алты ай қыстың салдары бірқатар елді мекендерге көктемгі қызыл судың астына қалу қаупін төндіріп тұр. Бүгінде су басу қаупінің алдын алу жұмыстары жандануда.
Жуырда Қарқаралы ауданындағы Нұрмақов селолық округінде Егіндібұлақ-Ақтасты жолын су басты. Дер уақытында көмекке барған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жолдағы көлік қозғалысын қалпына келтірді.
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұлақ суының деңгейі көтеріліп, судың жолды басып қалғандығы анықталды. Төтенше жағдайлар қызметі бұлақты мұздан тазалап, арнасын кеңейткен. Жолдың астынан су өтетін құбырлар аршылды. Сондай-ақ, жол үстінде қатып қалған мұз қабаты тазаланды. Қазір бұлақ суы өз арнасына түсті. Су құбырмен ағып өтуде. Жақын маңдағы елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ.
Сонымен қатар, өткен тәулікте облыста қар құрсауынан 42 адам құтқарылды.
– 3 наурызда сағат 15:52-де облыстық маңызы бар «Нұра кенті-Осакаровка кенті» тасжолында, Осакаров ауданының Осакаровка кентінен 11 шақырым жерде қалған көлікке төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жедел көмекке барды. Урожайное ауылы – Қарағанды бағытында жолдан шығып кеткен «Мерседес» маркалы автобустан 41 адам Осакаровка кентіне эвакуацияланды. Оның ішінде, 6 бала болды. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.
Сондай-ақ, жолдың тазартылған учаскесіне 1 жеңіл автокөлік шығарылды. Көлікте бір адам болды, – деп хабарлайды облыстың төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button