Сырттағы қос жеңіс
Жұма күні «Сарыарқа» Ресейдің Учала қаласында жергілікті «Горнякпен» кездесті. Қарағандылықтар 1:4 есебімен жеңіске жетті.
Есепті қарағандылық Дмитрий Орлов ашты (2-ші минут). 0:1. 30-шы минутта Олег Ломако басымдықты еселеді. 0:2. Үшінші кезеңде Егор Наместников (41-ші минут) пен Айрат Зиязов (50-ші минут) бір-бір шайбадан салып, «Сарыарқаның» көрсеткішін ұлғайта түсті. Ал, «Горняк» ойыншылары жалқы шайбамен жауап қатты. 1:4. Жеңіс туын «сарыарқалықтар» желбіретті.
Жұмадағы жеңістен кейін «Сарыарқа» жексенбі күні Орск қаласында «Южный Уралмен» күш сынасты. Мұнда да қарағандылық ұжым мықтылығын танытты.
«Оңтүстікоралдықтар» сапындағы Куршук 29-шы минутта матчтағы алғашқы шайбаны соқты. 1:0.
Дегенмен, арада екі минут өте Айрат Зиязов қақпашы Перетягиннен айласын асырып, таразы басын теңестірді. 1:1.
50-ші Минутта Зиязов тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, дубль авторы атанды. 1:2.
56-шы минуттағы Станислав Альшевскийдің соққысы есепті 1:3-ке жеткізді.
Сөйтіп, «Сарыарқа» сырттағы қос матчта да қарсыластарын қапы қалдырды.
Бүгін Челябі қаласында «Челметпен» ойнайды.
Екі ойыннан кейін «Сарыарқа» ЖХЛ турнирі кестесінде 6-шы сатыға көтерілді. Қоржында – 45 ұпай.
Нұрқанат ҚАНАФИН