Руханият

Сыршыл ақынның сиқырлы кеші

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ақын Жадыра БАЙБҰЛАНОВАНЫҢ «Көктемді ертіп келемін…» атты оқырмандармен онлайн әрі офлайн кездесу кеші өтті. Іс-шара 15 сәуір – Ғашықтар күніне орай кітапхана жанындағы «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының 15 жылдығы аясында ұйымдастырылған. Онда шайырдың «Шексіздік» жыр жинағының тұсауы кесілді.

Жадыра Байбұланова – нәзік сезімге толы өлеңдерімен оқырмандарының жүрегіне жол тапқан сыршыл ақын. Бұған дейін «Қағаз жүрек» жыр жинағы жарық көрген. «Шексіздік» екінші кітабы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Өлеңдері бірнеше тілге аударылып, әнге айналған жырлары елге кең тараған.

Кездесу кеші еркін форматта өтті. Сахна да кеш иесінің ішкі жан дүниесімен үйлесімді безендірілген. Шараға санаулы адам қатысса да, карантин талаптарын толық сақтады. Ал, ақынның қалың оқырманы кешті Instagram желісінен тікелей эфирде тамашалады.

Кездесу барысында Жадыра «Шексіздік» кітабынан бірнеше жаңа өлеңін оқыды. Оқырмандардың сұрағына жауап беріп, жырларының шығу тарихына да тоқталды.

Жадыра, сонымен қатар «Жыр-Жауһар» орталығының белді мүшесі. Шығармашылық жолында қалыптасуына бұл орданың орны ерек. Бір кездері өзі де аталған орталыққа жетекшілік еткен.

– Бұл кітапқа бірінші жинаққа енбеген 200-ге жуық жаңа жырларым топтастырылды. Бұған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тұсауы кесілген-тін. Осы кеш сол шаралардың жалғасы. Өзім түлеп ұшқан қара шаңырақта, кітабымды таныстырып, оқырманмен жүздесуге жағдай жасаған Қарағандыдағы қасиетті қара шаңырақ Гоголь кітапханасы ұжымы мен «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығына алғысым шексіз, – дейді Жадыра Байбұланова.

Сондай-ақ, әнші-сазгер Марғұлан Уәли, Аманкелді Ахметжан сынды өнерпаздар әннен шашу шашты. Марғұлан орындағын «Сағыныш қана» әнінің сөзін Жадыра жазғанын айтып кету керек.

Кеш соңында жазушы Алмаз Мырзахмет, кітапхана директоры Дина Аманжолова ақынға алғысын айтып, естелік сыйлық пен гүлдесте тарту етті.

Сыршыл ақынның сиқырлы кеші оқырманды ерекше сезімге бөледі.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button