Руханият

Сырлы өлең, сиқырлы әуен, сырбаз көңіл

Бұған дейін Түркістан, Шымкент, Қызылорда қалаларында өткен ерекше кеш Арқа төрінде жалғасты. Қарағандыдағы «PIANO» мейрамханасының вanquet hall-ында қалалық әкімдіктің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Поэзия түні» атты әдеби-романтикалық кеш өтті. Сырлы поэзия, жанды музыка, мөлдір әуен салтанат құрған кеш оқырмандарға романтикалық атмосфера сыйлады.

«Қарағанды қара өлеңнің қағбасындай» деп аға буын өкілдері баға бергені бекер емес. Өйткені, мұндағы поэзияға деген сұраныс жоғары, талғам биік. Мықты әдеби орта бар. Әдеби ортаның ұйымшылдығын осы кеш тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айтулы шара әдебиеттің, оның ішінде поэзияның мәртебесін арттырып, жастарды кітап оқуға, уақытын тиімді өткізуге баулып, жас таланттардың шығармашылығын насихаттап, қолдау көрсетуге, рухани құндылықтардың бәсін биіктетуді көздеген.

Аталған кеш қонақтары – Арқа топырағынан түлеп ұшқан талантты ақын, бүгінде Түркістан облысының тұрғыны Еламан Төлтай жары Рысгүл Досжан болды. Кеште қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің, орта және жас буынның жырлары оқылды. Жанды музыкамен сүйемелденген поэзия түні ерекше әсерлі өрбіді.

Еламан мен Рысгүл «Тармақтар» кітабының құрастырушылары. Кітапта қазақ ақындарының өлеңдерінен сәтті тармақтар іріктеліп алынып, әрленіп баспадан шығарылған. Бұл кітап әлеуметтік желіде көпшілік оқырмандардың көңілінен шығып, сұранысқа ие болды.

Поэзия түнінің тағы бір ерекшелігі аталған кешті тыңдарман жастар Instagram желісі арқылы көріп, оған қатысуға ниет білдірген. Келе алмаған қонақтар кешті желі арқылы тамашалап, сырлы да нәзік, асқақ та терең өлеңдердің шуағын сезінді.

Аталған кітапта республикаға танымал ақындардың аты белгіленген QR-ға ұялы телефонмен сканер жасаса YouTube желісі арқыл өлеңді және автор жөнінде мағлұмат алуға болады. Поэзия түнінде аймақтың талантты ақын жастары да өлең оқып, ән шырқады. Еркін микрофонда авторлардың да туындылары оқылды.

– Қара өлеңнің қағбасы Қарағандыда өткен кешіміз жайлы қалай айтсақ та, жазсақ та аздық етер. Өйткені, Қарағандыда поэзияның оқырманы көп екен. Осындай ғажайып кештің себепкері Еламан екеуіміз емес, ең әуелі Жанат Жаңқашұлы ағамыз бен Қарағанды қаласының әкімдігі. Біздің бір ауыз хабарласып, «ағалаған» көңілімізді көкке көтерді. Орта қандай, оқырман қандай, сол ортаны осылай қолдай алатын басшылары қала әкімінің орынбасары Ляззат Төкен қандай! Риза болдық! Оқырмандарымыз тура сағат 18:50-де залға жиналып, тола қалды. 80 адамға деп арнайы алып едік орынды. Ресторан іші, аурасы біз осы уақытқа дейін көріп келген ресторандардан да бөлек болды. Нағыз поэзия кешіне арнап соғылғандай, – деп жазды әлеуметтік желіде кеш идеясы авторының бірі Рысгүл Досжан.

Қатысқан қонақтар кеш ұйымдастырушыларын ерекше күйге бөледі. Олар кеш соңында ашық микрофон ұйымдастырылғанда «өлең оқимыз» деп шыққан жастардың санынан жаңылғанын, риза болғанын айтуда. Тағы бір айта кетерлігі, өлең оқыған жастардың көбі Қарағандының ақындарының жырын жатқа оқығанда қонақтар таңдай қақты.

– Бізді әлеуметтік желідегі парақшамызға салып, «әдемі сәтпен бөліскен оқырмандарға тосын сый болсын» деп құпия хат әзірлеп қойғанбыз. Оның да жеңімпазын анықтап, 2 оқырманды қуанттық. Осылай… Әсер бөлек. Біз қазақ поэзиясының мәртебесін көтереміз деп «Тармақтар» жобасын бастап едік, керісінше, тармақтар біздің мәртебемізді көтеруде. Жасасын, Қарағандының әдеби ортасы! Жасасын, қазақ поэзиясы!, – деді Рысгүл Досжан.

Мұндай табиғи әрі әрлі кештер сирек болады. Өйткені, оның әдепкі поэзия кештерінен жобасы бөлек. Заман талабына сай, оқырман талабын ескерген осындай ерекше кештер жас таланттарды ынталандырып, шабытына шабыт қосары сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button