Сырдағы «серуен»

   «Шахтердің» шаруасы мәз емес. ХІІІ турда Қызылордаға барған қарағандылық клуб жергілікті «Қайсардан» 2:1 есебімен ұтылып қалды. Бүгінде бар-жоғы 9 ұпаймен бәйге соңында келеді.

Оңтүстіктегі ойында алғашқы голды «шахтерлік» Марко Станоевич салды. 24-ші минутта серб легионері бұрыштама добын қақпаның төменгі бұрышына дәл кіргізді. 0:1. Қос команда осы есеппен үзіліске кетті.

Екінші таймды қызылордалықтар ерекше қарқынмен бастады. Нәтижесінде, ойынға тыңнан қосылған Елжас Алтынбеков 53-ші минутта көрсеткішті теңестірді. 1:1.

Бұдан кейін де қарсыластар бірнеше мәрте есепті өзгерту мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Десек те, алаңдағы әріптесін алмастырған «қайсарлық» Валерий Коробкин 83-ші минутта командасының басымдығын бір голға ұлғайтты. 2:1. Матч «Қайсардың» жеңісімен тәмамдалды.

Сөйтіп, «шахтерліктер» Сырдан салы суға кетіп оралды. Құдды, жеңіс үшін емес, Сыр бойын жағалап, серуендеуге барғандай.

Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында клубтың бас бапкері Стойчо Младенов мәлімдегендей, «қайсарлықтар» бұл жеңісін Қызылорда облысы әкімінің туған күніне тарту етті. Сол күні (20 мамыр) аталған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев 62 жасқа толған еді.

«Шахтердің» келесі қарсыласы – елордалық «Астана». Ойын 28 мамыр­да өтеді. Ал, кеше Қазақ­стан Кубогі жартылай финалының алғашқы матчында атыраулық «Атыраумен» ойнады. «Шахтер» қарсыласын Теміртаудағы «Металлург» стадионында қабылдады.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.