Сый мен құрмет – дәрігерге
Кәсіби мереке қарсаңында үздік медицина қызметкерлері Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына ие болды. Құттықтау шарасы пандемияға байланысты биыл да жергілікті арналардың эфирінен көрсетілді. 2006 жылдан бері беріліп келе жатқан сыйлық онлайн режимде тапсырылды.
– Кез келген қоғамның, кез келген мемлекеттің дамуының негізі, ең алдымен, дені сау ұлт. Сіздердің халықтың денсаулығын нығайтуға және сақтауға қосқан үлестеріңіз жоғары бағаға лайық. Пандемияның ең қиын кезеңінде сіздер жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлікті, мамандыққа адалдықты айқын көрсеттіңіздер, – деген аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек мерекемен құттықтап, еңбектері үшін дәрігерлерге алғысын білдірді. – Облыста сапалы және қолжетімді медициналық қызметтерді алу үшін жағдайлар жасалды. Біз бірлескен күшжігермен барлық қиындықтарды жеңетінімізге және денсаулық сақтау жүйесінің міндеттерін ойдағыдай орындайтынымызға сенімдімін.
Мерекелік шара түсірілімі Қарағандыда ғана емес, сонымен бірге, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында да жүргізілді. Жеңімпаздардың есімдері жазылған конверттер ашылып, әріптестерін танымал денсаулық сақтау қызметкерлері: академик Тельман Сейсембеков, профессорлар – Төрегелді Шарманов, Болатбек Баймаханов, Төлебай Рахыпбеков және басқалар құттықтады. Музыкалық тосынсыйлар да болды. Дәрігерлер өз мамандығы туралы ән шырқады. Жеті аталым бойынша жеңімпаздар 500 мың теңгеден сыйақыға ие болды.
«Мамандығына адалдығы үшін» арнайы сыйлығы мен миллион теңгелік сертификат 77 жастағы дәрігер-травматолог Тұрсын Нұрғалиевтің қанжығасына байланды. Т.Нұрғалиевтың медицинаға келгеніне – жарты ғасыр. Қазір ол Саран қаласындағы орталық ауруханада жұмыс істейді. Кәсіби деңгейін үздіксіз арттырып жүретін тәжірибелі маман ретінде әріптестеріне сыйлы.
Бұдан бөлек, Теміртау қаласындағы ана мен балаға арналған көпсалалы орталық дәрігері Александра Десятиченко «Үздік акушер-гинеколог» аталымында, Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасының дәрігері Мақпал Рахимова «Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» аталымында, Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасының балалар невропатологы Бақыт Досжанова «Үздік педиатр» аталымында жеңімпаз атанды.
«Үздік терапевт» аталымында Шахтинск қаласындағы орталық ауруханасының кардиология бөлімінің меңгерушісі Гүлнара Ақаева озық шықты. Облыстық клиникалық аурухананың қан тамырлары хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Франц Галицкий «Үздік хирург» аталымын жеңіп алды. «Үздік орта медициналық қызметкер» аталымы облыстық клиникалық аурухананың мейірбикеанестезиологы Марияш Салимоваға бұйырды. Қарағанды қаласындағы №1 көпсалалы аурухананың директоры Дмитрий Чернов «Денсаулық сақтаудың үздік ұйымдастырушысы» аталымына ие болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.