Әлеует те, әрекет те бар
Қарқаралы ауданында жол инфрақұрылымын жаңғырту, туризмді дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Биыл «Қарқаралы-Егіндібұлақ» бағытындағы 90 шақырым жолдың 60 шақырымы жаңартылып, ауданның өзге де бағыттарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Туристік инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілген. Атап айтқанда, «Бұғылы» демалыс аймағының инженерлік желілері тартылып, абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен тау-кен өндірісінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы міндеттер облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Қарқаралы ауданы тұрғындарымен кездесуінде кеңінен талқыланды.

Қарқаралының табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді. Дегенмен, көрікті мекендердің танымалдылығы ғана туристік саланың табысты дамуына жеткіліксіз. Ол үшін сапалы жол, қолайлы инфрақұрылым, заманауи қызмет көрсету жүйесі және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау қажет. Өңір басшысы аудан тұрғындарымен кездесу барысында осы мәселелерге ерекше тоқталды.
Бүгінде ауданның көлік қатынасын жақсартуға бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылуда. «Қарқаралы-Қасым Аманжолов» тасжолында екі жоба қолға алынған. Оның аясында 41 шақырым жолды орташа жөндеу, ал 3,2 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Сонымен қатар, «Қарқаралы-Егіндібұлақ» бағытындағы 90 шақырым жолдың 60 шақырымы жаңартылды. «Тегісшілдік-Көктас» жолының 20 шақырымының 7 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталды.
Қарқаралының туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытуға бағытталған шаралар да нәтижесін бере бастады. Соның бірі – биыл жазда алғаш рет ұйымдастырылған «Байқымыз» гастрономиялық фестивалі. Ауқымды мәдени шараға 20 мыңнан астам адам жиналды. Ұлттық тағамдар мен дәстүрді дәріптеген фестиваль ауданның туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді. Енді оны жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды.
Туристік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы маңызды жобалардың бірі – «Бұғылы» демалыс аймағын дамыту. Қазіргі уақытта мұнда су құбыры мен кәріз желілері тартылып, электр желілері жүргізілуде, трансформаторлық жабдықтар орнатылуда. Инженерлік инфрақұрылым құрылысының негізгі бөлігі аяқталған. Сонымен қатар, демалыс аймағының аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осы мәселеге айрықша назар аударып, туристік саланы дамытуға жергілікті тұрғындарды кеңінен тартудың маңызын атап өтті.
– Туризмді дамыту тек мемлекет пен инвесторларға ғана емес, тұрғындардың өзіне де байланысты. Бұл бағытта міндетті түрде ірі кәсіп ашудың қажеті жоқ. Кейде шағын отбасылық бастаманың өзі жеткілікті. Біз туризм Қарқаралы ауданының қарапайым отбасыларына табыс әкеліп, жастарға туған жерінде жұмыс істеп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жол ашқанын қалаймыз. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және болашағы бар жобаларға қолдау көрсету, – деді облыс әкімі.
Ауданда тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, «Жарлы-Қарқаралы» су құбыры пайдалануға берілді. Айрық, Айнабұлақ және Татан ауылдарында жаңа су желілері тартылды. Ал Қарқаралы қаласында кәріз-тазарту құрылыстарының құрылысы аяқталуға жақын.
Әлеуметтік және коммуналдық нысандарды жаңғырту жұмыстары ауданның өзге де елдімекендерін қамтыған. Мәселен, Қарағайлы кентінде мектеп жөнделіп, Мәдениет үйінің жылыту жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ, бес көшені жөндеу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін кенттегі су құбырының құрылысын аяқтап, тазарту құрылыстарын пайдалануға беру жоспарланған.
Ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруда медициналық көмектің қолжетімділігі де маңызды. Осы бағытта ауданда тоғыз медициналық нысан ашылып, ауруханаға бес жедел жәрдем көлігі берілген.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін телемедицина қызметі енгізілді. Енді шалғайдағы елдімекендердің тұрғындары аудан немесе облыс орталығына арнайы бармай-ақ, онлайн форматта дәрігерлердің кеңесін ала алады. Бұл мүмкіндік тек терапевтердің ғана емес, бейінді мамандардың да көмегіне жүгінуге жол ашады. Әсіресе, медициналық мекемелерден шалғай орналасқан ауылдар үшін мұндай қызметтің маңызы зор.
Кездесуде ауданның экономикалық әлеуетін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері де кеңінен қаралды. Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин алдағы кезеңге арналған инвестициялық жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласында екі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал келесі жылға тағы алты жоба жоспарланған. Олар жүзеге асқан жағдайда 52 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Инвестициялық бастамалардың қатарында сүт фермасын, тері өңдеу цехын салу және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту жобалары бар. Бұдан бөлек, тау-кен өндірісі саласында екі жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Өңір басшысының тұрғындармен кездесуінде атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелер де қозғалды. Қарқаралылықтар жол сапасы, электрмен жабдықтау және әлеуметтік нысандар салу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге, тұрғындар электрмен жабдықтау сапасын жақсарту, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және басқа да спорттық әрі әлеуметтік нысандарды салу қажеттігін көтерді.
Кездесуді қорытындылаған Ермағанбет Бөлекпаев көтерілген мәселелердің барлығын жан-жақты зерделеп, оларды шешуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Жауапты мемлекеттік органдарға тұрғындардың ұсыныстарын назарға алып, тиісті жұмыстарды ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Бұдан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



