Су тасқынына сақадай саймыз ба?
Өзен-көлдерге, су қоймаларына жақын орналасқан ағайын әр жыл сайын қыстың соңы мен көктемнің басында тасқын су қай тұсымыздан тап береді деп мазасыз күй кешумен болады. Әрине, көңілді күпті етер жайттың алаңдатары сөзсіз. Облыс әкімдігінде өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі төтенше жағдайлар департаменті комиссиясы мен су тасқыны кезеңіне дайындық штабының отырысында осы мәселе қаузалды. Онда салалық бағыттар бойынша басқармалар мен басқа да ведомстволардың басшылары жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы ақпар берді.
Облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев жағдайдың тұрақты бақылауда екенін атап өтіп, су тасқыны қаупі жоғары елді мекендер назарда екенін жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, облыс әкімі іс-шаралар жоспарына қол қойды. Болжамдық деректер де бар. Сондықтан, су тасқынының алдын алу шаралары бойынша барлық мәселелерді алдын ала пысықтауымыз керек» деп атап өтті аймақ басшысының орынбасары.
Синоптиктер жақын күндері облыста ауа райы құбылмалы болып, аяз бен жылы ауа температурасы алмасып отыратынын айтты. Осыны ескере отырып, биылғы жылы су тасқынына дайындық жұмыстары қаңтар айынан бастап жүргізіле бастаған.
Нақты гидроболжам жасау үшін мамандар өзен бассейндерін аралап шығады. Облыста 1 қаңтардан бастап 8 гидробекет ашылды. Өңірдегі барлық гидроқұрылыстар тексерілді. Су тасқынының алдын алу үшін алдағы уақытта Жол картасын іске асыру аясында Нұра және Шерубай-Нұра өзендеріне санация жүргізіледі. Облыстық бюджеттен Топар бөгетін күрделі жөндеуге қаражат бөлінді.
«Қарағанды облысында үш ірі су қоймасы бар: Кеңгір, Шерубай-Нұра және Самарқанд. Қазіргі уақытта Самарқанд су қоймасынан суды ағызу есебінен Нұра өзенінің арнасын шаю жұмыстары жүргізілуде. Мұз астындағы су арнаны толтырады. Бұл бітеліп қалу немесе басқа да кедергілердің алдын алуға мүмкіндік береді. 20 ақпанда Шерубай-Нұра су қоймасынан су ағызуды бастау жоспарланып отыр» деп хабарлады НұраСарысу бассейндік инспекциясының басшысы Мүсілім Аққожин.
Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда су өткізу құбырларын тазалау жұмыстары да басталады. Облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев хабарлағандай, су тасқынына ұшырайтын елді мекендердің әкімдерімен оқуәдістемелік жиын өткізіледі.
– Қазір қарды сыртқа шығару жұмыстарына баса назар аударып отырмыз. Әрбір елді мекен бойынша нақты карта болуы керек. Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі – бұл қалалар мен аудандар әкімдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың дербес жауапкершілігінде. Жұмыс жүйелі болуы тиіс, – деді сөз соңында Ермағанбет Қабдоллаұлы.
Облыс әкімінің орынбасары ТЖД басшылығына өңірді су тасқыны кезеңіне дайындау бойынша жалпы үйлестіру шараларын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Жол картасында қарастырылған іс-шараларды мерзімінде орындауға қатысты басқарма басшыларына да міндеттер жүктеді.
Қасымхан ҒАЛЫМ