Жаңалықтар

Ұстаздар өнегесі – ұлтқа игі

    Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» деген болатын. Бұған қатысты Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледжде айтулы жұмыстар атқарылуда.

Жастарды Отансүйгіштік, Ұлтжандылық, биік адамгершілік рухта тәрбиелеу, олардың сана-сезім, дүниетанымдарын, білімі мен кәсіби біліктілігін, еңбекке деген талабы мен ынтасын, мәдениеттілігін үздіксіз дамыта отырып, парасатты тұлға етіп шыңдап шығару оқу-тәрбие орындары мен педагогтардың ел тұрғысынан алғанда аса маңызды, зор жауапкершілікті талап ететін жұмысы екені баршаға аян. Бұл мәселе бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасында арнайы тапсырма берген болатын.

Жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеуде ұлттың тілі мен дінін, ділін, мәдениетін, тарихын, қастерлей білу, ұлт қайраткерлерінің өмірі мен еңбектерін жетік меңгерту, оларға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру – ерекше рөлге ие. Елбасы бұл туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да сөз етті.

Сондықтан, ұлтты рухани жаңғыртудың басты құралы – тәлім-тәрбие, ұлттық насихат, үлгі-өнеге деуге әбден тұрарлық. Жеткіншектерді ұлттық рухта тәрбиелеуде көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген мұндай ұстаздар қатарында Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледж оқытушылары да бар. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Әйгерім Оқасова мен колледж директорының ақпараттандыру ісі жөніндегі орынбасары Индира Төлеуоваға деген аудан жұртшылығының құрметі зор.

Әйгерім Оқасованың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен семинарларға, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға белсене қатысып, жүлделі орындар иеленіп келеді. Бұл ұстаз оқу тәрбие ісіндегі үздік жетістіктері үшін аудандық «Нұр Отан» партиясының, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімі мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың Алғыс хаттарымен, Құрмет громаталарымен марапатталған. Өткен жылы Егемендік күні қарсаңында Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет громатасымен» наградталды.

Индира Төлеуова болса, колледж ақпараттандыру жүйесін заманауи ақпараттық технология жетістіктеріне сай жабдықтауға, оқытушылардың ақпараттандыру жүйелерін дұрыс, әрі, тиімді пайдалануын қамтамасыз етуге зор үлесін қосқан тәжірибелі педагог.

Былтыр «Digital Kazakhstan» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысының Cisсo Академиясымен бірлесе отырып, Л.Гумилев атындағы ЕҰҰ-нің қолдауымен «IT Essentials» курсы бойынша ақпараттық пән оқытушыларын тегін оқыту жүзеге асырылды. Қазақ коммуникация Академиясы жұмысты ынталандыру мақсатында курстың бірінші кезеңін қорытындылаған болатын. Нәтижесінде, осы курста оқыған Индира Төлеуова Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледжде Академия желісін ашып, арнайы курс ұйымдастырылған еді. Курста жоғары білім деңгейлерін көрсеткен Қ.Оқасова, С.Орынғожина, И.Ахметбекова, Т.Жастүлекова, С.Дәулетов, А.Жұмағалиева, А.Ерденбаева, С.Мейрам сынды инженер-педагогтар Cisсo Академиясының арнайы сертификатын иеленді. Аталған курстың екінші кезеңінде колледждің 55 студенті тест тапсырды. «IT Essentials» Академия желісі бойынша 70 инженер-педагог пен студенттер оқып, білімдерін жетілдіруде.

Академия осы бағдарлама аясында колледжге 2 грант бөліп, бағдарламаны меңгеруде республика бойынша бірінші орынды иеленгені үшін 50000 теңге сыйақымен марапаттады.

Сонымен қатар, Жадыра Қуанышова есімді колледжі ұстазы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Арулар асыл жандар» атты сайысында «Үздік мейрамдық сценарий», «Planet Skills» халықаралық ағартушылық жобасы негізінде «Үздік әдістемелік жұмыс» аталымдары бойынша жүлдегер атанып, шығармашылығы мен біліктілігі, ерекше кәсібилігі үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сондай-ақ, жақында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Bilim-orkenity» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Жылдың үздік ұстазы» атты республикалық байқау өткен болатын. Байқауға колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, білім беру ісінің құрметті қызметкері Құралай Оқасова қатысып, «Жылдың үздік ұстазы» төсбелгісімен, байқаудың «Құрмет грамотасымен» және 40000 теңге сыйақымен марапатталып, байқауға ұсынған әдістемелік еңбегі «Жылдың үздік ұстазы» атты республикалық жинақта жарияланды.

Колледж ұстаздары білім мен біліктіліктерін дамытуда түрлі әдістемелік байқаулар мен ғылыми-практикалық конференцияларға, семинарлар мен оқу курстарына қатысып, педагогикалық іс-тәжірибелерін шыңдауда.

Тарих пәнінің оқытушысы Таңғал Хасенова облыс орталығында өткен XIII халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, «Ислам дінінің қазақ даласында таралуы және оның ерекшеліктері» атты ғылыми баяндама жасады. Бұл еңбегі жоғары бағаланып, конференция жинағында жарияланды және өзі «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Химия-биология пәндерінің оқытушысы Гүлбағира Көкенова «Оқыту және оқу тәжірибесіндегі жаңа тұғырлар» тақырыбында өткен облыстық ғылыми-практикалық семинарға қатысып, «Биололгия сабағында оқытудың интерактивті әдістерін тиімді пайдалану жолдары» атты баяндама жасады. Әдістемелік іс-тәжірибесі жоғары бағаланып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру акционерлік қоғамының «Алғыс хатымен» марапатталды. Әдіскер ұстаздың 2017 жылы «PLANET Skilis» халықаралық ғылыми-әдістемелік жобасы бойынша өткен байқауға ұсынған еңбегі «Үздік әдістемелік еңбек» аталымы бойынша жоғары бағаланып, дипломмен марапатталды.

Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,

облыстық мәслихат депутаты.

Жаңаарқа ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button