Ұстаз тағылымы
Қарағанды облысындағы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығында ұлағатты ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы, аяулы ана, ардақты әже Нұрсахан Бейсенбековамен «Өнегелі әженің – өрісі кең» тақырыбында сыр-сұхбат өтті. Іс-шара Алғыс айту күні мен 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында, «Ғибрат» әжелер мектебінің жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды.
Кешке Қарағанды қаласындағы мектеп-гимназиялардың жас мамандары және Нұрсахан Ахметқызының шәкірттері шақырылды. Сыр-сұхбатқа келген қонақты жастар «Алғыс» әнінің ырғағында ықыласпен қарсы алды. Кеш тізгінін ұстаған Айдана Жаңбырбайқызы да кейіпкердің төл шәкірті.
Сұхбат басында Нұрсахан Ахметқызының өмірі мен өнегелі ұстаздық жолынан сыр шертетін бейнежазба ұсынылды. Қарағанды облысындағы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры, Нұрсахан Ахметқызының шәкірті Бақыткүл Әбдікерова сөз сөйлеп, шараны бастап берді. Шәкірттері – ұстазына, жас педагогтер ғалым апайларына алғыс жаудырды. Ақтарыла сырласты.
Жетісуда туып, Арқа жерінде тұрақтаған Нұрсахан Ахметқызының өмірі мен ұстаздық қызмет жолын тарихтың кезеңдеу әдісі тұрғысынан сипаттасақ, ғибратқа толы. Балалық шағы мен есею жылдары бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Қапал ауданының Ақтұрма ауылында, Біржан сал мен ақын Сара айтысатын Ешкіөлмес тауының баурайында, 1950-1969 жылдар аралығында өткен.
Қарағандыда 1972 жылы ашылған Қарағанды мемлекеттік университетін жаңа мамандармен нығайту мақсатында берілген жолдама жолдасы Сағындық Убайұлы екеуіне бұйырыпты.
– Әкем ерте өмірден өтті. Анам мені ешкімнен кем қылмай жеткізді. Мектепке 8 жастан аса бардым. Өйткені, шешеме көмектескім келеді. Бала арманым анама бір әдемі көйлек әперу еді. Соғыстан кейінгі жылдарда туған ұрпақпыз. Анам бір көйлегін үстінен тастамайтын. Ол арманыма қол жеткізген соң, білім-ғылымға зейінім ашылды. Әлі күнге ғылымға, тарих ғылымына ғашықпын. ҚазМУ-ға түсу ол кезде қиын болатын, талмай ізденіп, мұқият дайындалып түстім. Жолдамамен Қарағандыға келгенім әлі есімде. Қарағанды мемлекеттік университетіне кіріп, бір үлкен кісіден жол сұрадым. Ол кісі ауыр чемоданымды көтеріп, екінші қабатқа дейін ере шығып, жол нұсқады. Жүзі жылы, кең маңдай, салмақты кісі екен. Кейін сұрасам, ол – аңызға айналған ғалым, университет ректоры Ебіней Арыстанұлы Бөкетов екен. Одан кейін де қамқорлығын аяған жоқ. Алғашқы кездесу жүрегімнің түбінде сақталып қалды. Ол кісмен жолықтырған, тәлімін алуға мүмкіндік берген тағдырыма ризамын. Шәкірттерімді өз баламдай көремін. Мейіріммен қараймын. Онсыз білім қонбайды. Аға буыннан көрген жақсылығымды кейінгі буынға көрсетуге барынша тырысып келемін. Шәкірттеріме ризамын. Бүгін бір жасап қалдым. Шараны ұйымдастырушыларға мың алғыс, – деді Нұрсахан Ахметқызы.
Кеш барысында талантты әнші Ерден Байғотанов Қасым Аманжоловтың «Жас дәурен» әнін, елге кең тараған «Бала махаббат» әнін әуелете шырқады.
Нұрсахан Ахметқызы Алаш тақырыбы десе, ішер асын жерге қояды. Ал, «Халықаралық қатынастар» мамандығының студенттеріне «МО-шники, вы должны знать государственный интерес», – деп сыртқы саясаттың қыры мен сырын үйретуде, ұлттық мүддені басты нысана ретінде ұстанатын ұстаз. Еліміздің түпкір-түпкірінде Нұрсахан ұстаздан білім алған, үлгі-өнегесін көрген шәкірттер еңбек етуде.
Сол шәкірттерінің бір тобы апайына тосын сый жасап, гүл шоғымен залға кіріп келгенде «Ұстаз еңбегінің жемісі» осындай болар деп ой түйдік.
Ал, «Сиқырлы қоржын» кезеңінде жас мамандар қоржыннан нөмірлі асықты таңдап алып, сонда жасырылған сұрақты қойды. Тәжірибелі маманның жауаптарынан жас педагогтер біраз нәрсе түйгені анық.
Немересі Абылай күй шертіп құттықтаса, №1 өнер мектебінің оқушысы Кәусар Рысқали «Асыл әжем» әнін орындады.
Ал, қонақкәде бөлімінде Нұрсахан апайдың шәкірті Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры, қазақтың қайсар қызы Жадыра Сабырқызы сөз сөйлеп, ұстазына алғыс айтты.
Шара соңында Нұрсахан Ахметқызы жастарға «өмірлерің тәтті, ғылым жолындағы сапарларың сәтті болсын» деген ниетпен, өз қолымен ізгі тілек жазып, тәттілер ұсынды.
Сыр-сұхбат соңында талантты әнші Ақзер Мұхаметқали «Алғыс» әнін шырқады.
Әже тәрбиесінің негізінде – ұлт тәрбиесі жатыр. Ендеше, әжелер мектебін қалыптастырсақ, орашолақ ұл мен қыз жіптіктей болып, рухты, жігерлі болып өсері анық. Тілдегі мүкістіктен, ойдағы бұлыңғырлықтан арылып, өзгенің көлеңкесі болып қалудан құтылар еді. Азаттықты түйсініп, қазақ елінің ұрпағымын, кімнен кеммін, терезем тең деген отаншыл сезімі нығайып, серпілер еді. Тартымды кештегі ғибратты әженің әңгімелері осындай ойға жетеледі…
Жәлел ШАЛҚАР.