Ұстаз ғибраты
24 қараша күні сөйлескенбіз. «Жүре алмай қалдым, үстел басына балалар көтеріп апарып жүр, жақсы, аман болыңдар» – деп қысқа қайырды. Қоштасқаны екен…
Қасыңда жүрген жақын емес, жүрегіңде жүрген жақын…
Қарағандыға барып халін білуді жоспарлап отырғанда досымыздың інісі қайтыс болды. Сонда бардық, жолда Аужекеңе кіріп-шығу ойда болған. Бірақ, күн ерте батқан соң «кешке көңіл сұрамайды» деген ырым қолбайлау болып бара алмай, кешке жұмысбасты адамдар Астанаға қайтып кеттік. Енді қайта жолға шығуды ойлап отырғанда 28 қараша күні қаралы хабар келді. Рухы Алланың қалауымен Нар әкесімен қауышты деп жорыдық…
Әкеңнің досымен дос болу – ол да бақыт. Әке мен бала жақсы қарым қатынаста болса да, әке мен бала арасында айтылмайтын, талқылауға болмайтын тақырыптар немесе жас алшақтығына, өмірлік тәжірибенің жоқтығына байланысты түсінбеушіліктер болуы мүмкін. Әкем Аужекең екеуі бір атым насыбайды сылтауратып бір-бірінің шаңырағына жиі ат басын бұрып, әңгіме-сұқбат құрып жүретін. Амангелді ағамыз менің әкеммен іні-дос еді, аралары ширек ғасыр, мен бұл кісіге іні-дос болдым, арамыз ширек ғасыр. Бір күні хабарласқанда «Қызық, сен екеумізді жұрт ресми түрде қорғамасақ та сыртымыздан «ғалым» дейді» деп күліп алды. Әрине, менің «ғалымдығыммен» ол кісінің ғалымдығы салыстыруға да келмейді. Менікі түртіп қалсаң желіден құйылатын ақпарат заманының «ғалымдығы». Амангелді әкеміздікі іргелі, шын мәнінде академиялық, мол ізденісті қамтыған, архивтерді қазған, ел аузынан жинаған, маңдай терін төгіп, табанын тоздырған күш-жігерді, қаражатты талап еткен жанкештілік. Ауылда көк мотоциклін міне жүріп, мал мен жанды асырап-бағып, мектете сабақ бере, қоғамдық өмірге араласа жүріп, бір ғылыми-зерттеу институттың ісін атқару екінің бірі емес, мыңның бірінің ғана қолынан келетін іс. Бірінші кімнің не білетінін, қайда тұратынын анықтау (Ақтоғай ауданының жер көлемі Нидерланд елімен шамалас), ол адаммен танысу, келісіп, жалынып жүріп жазып алу, оны қағазға түсіру, жатқа айтқан ақсақалдардың өзі кейбір сөздернінің мағынасын түсінбеуі, көнерген, діни сөздердің көп болуы, олардың жеке түсіндірме сөздігін жасау, одан әр өлеңнің қай жылы, неге, қандай жағдайға байланысты жазылғанын анықтау, кітап қып жазу, іріктеу, қолжазбаны ретке келтіру, оны өңдеу, баспаға дайындау, бастыруға қаражат іздеу, бастыру, қосымша қателерді түзету, тағы да жалпақ жұртқа білінбейтін, көрінбейтін тұстары көп. Оған қоса Нарекеңнің өмір сүрген заманының ерекшеліктері, араласқан ортасы, өмірбаянын анықтау сияқты істер қоса атқарылды.
Алаштықтардың көзін көріп, тәлімін алған, Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин ұстаз тұтқан Бейсенбай Кенжебаевтың да алдын көрген Амангелді ағамыз. Ержүрек Тұрсынбек Кәкішевпен де етене араласты. Академик Рымғали Нұрғалиевтің мойындағанын көзбен көрдік. Бақытты адамдарға жақсы ұстаздар жастайынан кездесіп, сол адамның мұрат-мақсаттарын айқындап алуға мұрындық болатыны рас. Бірақ сол мұрат-мақсатты сезіне білу, оны тауып өзіне өмірлік миссия қылып, мойнына алу екінің бірінің қолынан келмейді. Бәлкім жиырма сегіз жасында туған ұлына Мұрат деп ат қоюы да сол өзінің өмірлік миссиясын жастайынан түсінгенінің белгісі болар. Хакім Абайдан сабақ алып «қолын мезгілінен кеш сермемей» дер кезінде, жастайынан Нарманбетті іздемесе, сол кезеңде «Мекалай патша» заманын көрген ақсақалдарды таспаға, қағазға жазып алмаса қаншама рухани дүние сол қазыналы қарттармен келмеске кетер еді. Есімі елордаға, елге таныс Қайырбек Сәдуақасовтың: «Аманкелді Туғанбаев болмаса Нарманбет Орманбетұлы мұрасы өшіп қалар еді» деген бір ауыз сөзінде үлкен мағына бар.
Өлкенің шежіресішісі, тек қана шежіресін ғана емес, Ақтоғай өңірінде жасаған айтулы әнші-күйшілердің де әрқайсының орындау мәнерін, ерекшелігін де айтып отыратын еді. Қаншама қадым, төтемен жазылған көне жәдігерлерді де қалпына келтірді, бастырып шығарды.
Ұстаздың бір ерекшелігі үйреткені, түсіндіргені, жалпы бергені сабақ тақырыбымен шектелмейтін. Оқушының жалпы рухани дамуына көңіл бөлетін. Сегізінші сыныпта болса керек. Бірде «Эпикалық рөлдерді сомдаған Еңбек ері, жалғыз қазақ актер бар, ол кім?» деді. Үнсіздік, үнсіздіктен кейін кино фильмдерде естіген актерлардың атын айтып жарысудамыз. Таба алмай жатырмыз. Үндемей отырған Қияс: «Серке Қожамқұлов» – деді. Қуанып кеткен ұстаз Қиясты тақтаның алдына шығарып риза болғаны бар.
Тағы бірде, тоғызыншы сыныпта «Айман-Шолпанды» өтіп жатқанбыз. Сабақ айтушылар Көтібар батырдың атын айтқанда мырс ете қалады, ер балалар ыржыңдап, қыздар бетін баса күледі. Аман аға түсін суыта «күлмеңдер» дейді, оқушылар одан сайын булыға күледі. Күлкі тіпті ие бермей кеткен соң ұстазымыз: «Жарайды Басыбар дейікші» дегенде одан әрі қыран-топан күлкіге қарық болғанбыз.
Енді бірде, жетінші сынып болса керек, физикадан екі сыныптың арасында жарыс болды. Оған басқа пәндерден беретін мұғалімдер де қатысты. Физикадан сабақ берген Торғай мұғаліміміз электротехникадан «Генератордың роторы айналғанда неліктен тоқ айда болады» деген сұрақ қойды. Таппадық, бір топ ұстаздың алдыңғы жағында тұрған Аужекең шыдамады білем: «Өйткені ротор магнит өрісін қиып өтеді» – деді. Төлеу мұғалім бізді сөгіп жатты: «Әдебиет пәнінінң мұғалімі білгенді білмедіңдер» – деп.
Аужекеңнің не арманы бар еді дегенде биылғы өткен Нарманбетке арналған конференцияның шешімі ұстаздың ойымен қарайлас жатса керек.
Олар:
1. Астанада Нарманбетке бір көшенің атын беру;
2. Ең аз дегенде аудан көлеміндегі мектептерде Нарманбет оқуларын өткізу;
3. Ақынның мазарына асфальт жол төсеу.
«Ақтоғай Алаштың кіші отаны» деп көпіртіп сөйлегенімізбен атқарылған іс аз. Алашорда үкіметінің он бес мүшесінің үшеуі Әлихан, Әлімхан, Жақып туған Ақтоғайдан «Алашқа» арналған музей ашу заман талабы болғалы қашан?! Тіпті туризмді дамытамыз десек, сырт көзге, келетін шет елдік қонақтарға негізгі қызықты да маңызды құндылық сол музей болмақшы. Ол музейде ортасын ойып Нарманбет тұрмақшы, онда осы ұстазымыз Амангелді Туғанбаевтың еңбегі негізгі жәдігер болып төрде тұратыны сөзсіз, әрі зерттеуші, Нарекеңнің жоқшысы ретінде сол музейде ұстазымыздың өзі де тұрмақшы.
Жаның жәннатта болсын аяулы ұстаз, Алаш барда артыңда қалған хатың да өлмейді!
Сұлтан ЫБЫРАЙ.