Ұстаз еңбегі – келешек кілті

      Қазақстан халқы бүгінде береке-бірлікпен бір халық болып ұйысып, орнықтылықты арқау етіп, толағай жетістіктерге куә десем артық айтқандық болмас. Елбасының алдағы өмірге бағдарлама жасап, елімізді жолы айқын, сенімі күшті мемлекетке айналдыруды мақсат еткен қырағылығы ұлт игілігіне айналып отыр. 

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым болашақтың жарқын бейнесін анық байқайды, әрі оның қандай болатынын және ол жолда табысқа жету үшін қандай жұмыстар атқару қажет екенін де тайға таңба басқандай айқындап береді. Мемлекет басшысының көрегендігі мен көшбасшы бола білген азаматтығын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы да дәлелдейді. Әрбір қазақстандық үшін, әрбір отбасы үшін, келешек ұрпақ үшін маңызды, құнды Жолдауы Қазақстанды көркейтуге, ел бірлігі, жер тұтастығы, мемлекеттің қуаты мен халықтың болашағы, бүкіл әлемді ғылым-білімімен, экономикасымен мойындататындай дәрежеге жеткізуге көзделген деп нық сеніммен айта аламын. Жолдау мақсаты да осыны басты қағидаға, яғни, темірқазығына айналдырған және алдағы күнге деген сенімімізге серпін береді.

Елбасы Жолдауында жаңа дәуірде табысты болу жолындағы 10 негізгі бағыт нақтыланып, сапалы білім беру жүйесін жақсарту мәселелеріндегі жаңа мүмкіндіктер жан-жақты көрсетілген. Адами капитал сапасын жақсартуда ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс деп атай келе, оған байланысты ой қозғап, нақты ұсыныстар берді. Болашақ ұрпақтың сапалы білім алуы үшін оқытудың заманауи технологияларын енгізу, білімге қолжетімділікті кеңейту Қазақстанның одан әрі қарыштап дамуына зор үлес қосары сөзсіз. Білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелетінін бұрыннан айтып келе жатқан Мемлекет басшысы бұл жолы да сапалы білім мен мамандардың біліктілігі жайлы толымды ой толғады. Ең бастысы – мұғалімдерге деген қамқорлық бөлек.

Ел еңсесі еңкеймей, отыз елдің ортасынан ойып алар орнын белгілеу үшін Жолдауда айтылған міндеттердің бәрі орындалуы қажет. Ал, ол міндеттерді орындау – әрбір отандасымыздың парызы. Сондықтан, Жолдауда атап көрсетілген мақсат-міндеттерді жұмыла іске асырсақ, ел экономикасы өркендеп, Қазақстанның абырой-беделі асқақтай түсетіні сөзсіз. Ендігі кезекте, әрбір қазақстандық осы береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекітуге үлес қосуы тиіс. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Ендеше, білім мен тәжірибені ел игілігі мен келешек ұрпақтың ғажап өмір сүруі жолында жаңғырта білуіміз керек. Біздің ұжымымыз Жолдауда көрсетілген асқаралы міндеттерді толықтай қолдай отырып, оны жүзеге асыру кезінде күш-жігерін аяп қалмақ емес.

Нұргүл ШАМАЕВА,

№132 мектеп директорының ақпараттандыру

ісі жөніндегі орынбасары.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.